Жаңа оқу жылы қарсаңында “Улыбка” қайырымдылық қоры мен облыстық жастар бастамалары орталығының қызметкерлері де көмекке зәру балаларға қол ұшын созды. Олар Петропавлдағы көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы он бес бүлдіршінге мектепке қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешектер және сөмкелер сыйлады.
Қор төрайымы Галина Бондаренконың айтуынша, балғындардың жаңа оқу жылында өздерінің білім алып жатқан алтын ұяларының табалдырығын қуанышты көңілкүймен аттағандары қымбат. “Балаларды мектепке қажетті заттармен қамтуға тырыстық. Біз қамқорлық танытып отырған қамкөңіл бүлдіршіндердің бірінің әкесі мүгедек, енді бірінің анасы жоқ. Ата-анасы бар болған күннің өзінде де, бауыр еттерінің қажетін өтеуге қауқарсыз”, – дейді ол.
Шара соңында бүлдіршіндер тәтті тағамдар толы дастарқаннан дәм татып, ерікті жастардан құралған сайқымазақтардың концертін тамашалады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.