«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЯЛДАРЫНА ҚАНАТ БІТІРІП…

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы мерекесіне арналған “Жақсы суретке айналған жоба” атты көрме өтті. Оған Петропавлдағы “ЮНЕС-КО” көркемсурет лицейі оқушыларының алпыстан аса төл туындысы қойылды.

Өнерлі өрендердің барлығы өз қиялдарына ерік берген. Қарапайым түрлі түсті қарындаштан бастап, гуашь, акварель, пастель сияқты қажетті құралдарды пайдалана отырып, туған жер, өскен өңір, төрт мезгілмен түрленген табиғат, қазақ халқының ұлттық келбетін айқындайтын дүниелері тақырыбын арқау еткен шығармалары шынайы әрі көркем. Мұндағы әрбір суреттің мағынасы терең, айтар ойы да түсінікті. Көрмені тамашалауға келген көрермендердің де қатары қалың болды. Петропавл қаласының тұрғыны Мария Солдатенко – өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндіктеріне таңданыс білдіргендердің бірі. Оған, әсіресе, қазақ халқының көне тарихы бейнеленген суреттер ұнады. “Ерекше әсерге бөленіп тұрмын. Аталмыш мұражайға жиі келіп жүрсем де, бұрын мұндай туындыларды көп кездестірмедім. Көркем тіл арқылы дүниені сезінуге әбден болады. Ал сурет арқылы жансызға жан бітіру – нағыз өнерпаздың шеберлігі”, – деді ол.  

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp