«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЗГІ АТТАНЫС АЛДЫНДА

Жұма күні өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Аққайың ауданындағы “Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығы” ЖШС базасында орақ науқанын ойдағыдай өткізу мәселелерін талқылауға арналған “Алқап күні” семинар-кеңесі өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, аумақтық және облыстық ведомстволардың, аумақтық инспекциялардың, “ҚазАгро” АҚ филиалдарының, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің, астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары, ғалымдар қатысты.

Семинар-кеңеске қатысушылар, ең алдымен, “Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығы” ЖШС-нің тәжірибе алқаптарында болып, бастауыш тұқым шаруашылығы бөлімінің өнімдерімен танысты, Петропавлдағы “КазТехМаш” ЖШС базасында шығарылып жатқан “Sampo Asia” комбайнын жұмыс барысында көрді. Ерік Хамзаұлы екі мәрте астық бастыратын тетігі бар, жоғары жылдамдықта сабан үгітетін, бункеріне 8100 килограмм астық сиятын, кабинасы барлық талапқа сай жаңа техниканың рулін ұстап, комбайнды жүргізіп те көрді.

Шараға жиналғандар ауыл шаруашылығы техникалары мен мал шаруашылығы жетістіктерінің көрмелерін аралады. Агроқұрылым басшыларының назарына Петропавлдағы “КазТехМаш” ЖШС-нің өнімдерінен басқа қостанайлық “ESSIL-740”, “ESSIL-760”, көкшетаулық “Vector” комбайндары мен шетелдік техникалар ұсынылды. Тайынша ауданындағы “Алабота” асылтұқымды мал зауыты” ЖШС-нің 1245 килограмдық 5 жасар “Герефорд”, Мамлют ауданындағы “Қызыләскер” ЖШС-нің қалмақ бұқаларына, Мағжан Жұмабаев ауданындағы “ЖНВ” ЖШС-нің 560 килограмдық белоруссиялық “Лимузиніне”, Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-нің ирландиялық асылтұқымды мініс жылқысына және тағы басқа да қара малдардың “элита-рекорд” тұқымдарына қызығушылар көп болды.

Семинар-кеңесті ашқан Ерік Сұлтанов:

– Мұндай кездесулер өңір аграршылары үшін аса маңызды және өте қажет. Өйткені, біздің облысымыз тәуекелі мол егін өсіру аймағында орналасқан. Сондықтан алдымызда әрбір ашық күнді барынша тиімді пайдалану, орақ науқаны мерзімін қатаң сақтау, астық сапасына әсер ететін барлық жағдайларды ескеру міндеті тұр. Мемлекеттің зор қолдауы арқасында биылғы көктемгі-дала жұмыстарын дер кезінде аяқтап, өсімдікті қорғау шаралары жүргізілді, қажетті дәрежеде жанармай сатып алынды, машина-трактор парктері жаңартылды. Облыс орталығында шығарылған комбайнның орақ науқанына алғаш рет қатысқалы отырғаны біз үшін айтулы оқиға. Тұтастай алғанда, өткен жылғы 15 центнерлік шығымдылықты сақтай және облыстың ішкі бүкіл қажеттілігін жаба отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қоса аламыз. 2014 жылы жақын және алыс шетелдерге 2 млн. тонна астық және 200 мың тоннадан астам майлы дақылдардың тұқымдарын экспорттағанымызды атап айтқым келеді. Біз осы қарқынды сақтай отырып, өз өніміміздің жоғары сапалылығын қамтамасыз етуіміз керек, – деді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуына қарағанда, үстіміздегі жылы 4366,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себілді, оның 3210 мың гектары – дәнді, 470 мыңы – майлы дақылдар, 28 мыңы – картоп, 5,3 мыңы – көкөніс.

Мемлекеттің қолдауы арқасында жыл басынан бері 577 бірлік техника сатып алынды. Алдағы орақ науқанына 9 мың комбайн қатысады, олардың үштен бірі – жоғары өнімді техникалар. Үкімет күзгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін 73 мың тонна арзандатылған жанармай бөлді. Бүгінгі күні агроқұрылымдардың сұйық отынмен қамтамасыз етілуі 91 пайызды құрайды. Облыста 53 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары бар, олардың жалпы сыйымдылығы 3,4 млн. тонна. Бұдан басқа облыстың агроқұрылымдарында 3,1 млн. тонна астық сақтайтын қойма бар. Үстіміздегі жылы жалпы сыйымдылығы 191 мың тонна болатын 9 астық сақтау кәсіпорны пайдалануға беріледі. Элеваторлар мен агроқұрылымдарда тәуліктік қуаттылығы 191 мың тонна болатын 298 астықкептіргіш бар.

Биылғы орақ науқаны 3,3 мың гектар аумақтағы күздік дақылдарды жинаудан басталды. Орта есеппен 12,2 центнерден өнім алынуда. Жұмыс жоспарына сәйкес орақ науқаны облыста 35-40 күнге созылады. Астық бастырудың алғашқы күнінен бастап 465,0 мың тонна – дәнді, 15,0 мың тонна майлы дақылдар тұқымын құйып алуға баса назар аударылуы керек. Осы жағдайларды айта келіп, Айдарбек Сапаров еңбекке ақы төлеу және басқа да ынталандыру шараларына, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Облыс экономикасының басқа салаларына қарағанда, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайыз төмен болып, 65,4 мың теңгені ғана құрап отыр. Жылдағы тәжірибе бойынша орташа он сағаттық жұмыс күнінде норманы орындаған жағдайда комбайншылардың біркүндік табысы 16-24 мың теңге болады, ал бір маусымда олар 435-653 мың теңге және одан да жоғары еңбекақы таба алады. Сондықтан агроқұрылым басшылары орташа айлық еңбекақыны облыстық деңгейге жеткізуге баса назар аударулары керек.

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев дәнді және майлы дақылдарды жинау мен топырақты күзде өңдеу технологияларының өзіндік ерекшеліктері туралы мысал келтіре отырып сөз қозғады.

“Тайынша-Астық” ЖШС директоры Анатолий Рафальский, Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов егін орағына дайындық мәселелеріне тоқталды.

Солтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығының директоры Қымбат Мерғалимова жиналғандарды тамыз айының соңғы онкүндігі мен қыркүйек айының ауа райы болжамынан хабардар етті.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау үшін қажетті жағдай жасалып жатқандығын және жасала беретіндігін айта келіп, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ арқылы астық сатып алу бағасы өткен жылғы деңгейден төмендемейтіндігін, ол қалыптасқан жағдайларға байланысты белгіленетіндігін жеткізді.

Ерік Хамзаұлы семинар-кеңесті қорытындылай келіп, облыс аграршыларының алдына орақ науқанын ұйымшылдықпен жүргізуді қамтамасыз ету, астық шығынына жол бермеу және оның сапасын төмендетпеу, дәнді дақылдардың пісу қарқынын жеделдету үшін егінге десикация қолдану, диқандарды материалдық ынталандыру шараларын қамтамасыз етуді ұйымдастыру сияқты нақты міндеттер қойды.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp