«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛІКТІҢ ДЕ, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДА БАҚЫЛАУЫНДА

Кеше облыстық әкімдікте әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасын қалыптастыру бойынша ағымдағы жағдайды талқылауға арналған аппараттық кеңес өтті.

Бүгінгі таңда баға қалыптастыру бойынша жағдай тұрақты. Облыста күніне екі рет бағаға мониторинг жүргізетін штаб жұмыс істейді. “Қауырт желі” телефонына азық-түлік тауарларына негізсіз баға көтеру фактісі бойынша екі рет қоңырау шалынды.  

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек “Белов” ЖК-нің балық өніміне негізсіз баға көтергенін мониторинг анықтағанын айтты. “Өнім шығарушымен түсіндіру жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде көтерілген баға бұрынғы деңгейіне дейін төмендеді”, – деді Айдын Жанұзақұлы.

Сол сияқты, жекелеген сауда орындарында жеткізіп берушінің бағаны өсіруіне байланысты бөлшек саудадағы қанттың 1 килограмы 185 теңгеге дейін көтерілді. Соған орай қантты негізгі жеткізіп беруші – “СКБ Север” ЖШС-мен жүргізілген келіссөздің нәтижесінде оның бағасы 160 теңгеге дейін азайтылды. Енді бөлшек саудаға қанттың 1 килограмы 170 теңгеден түсетін болады.

Петропавлдың базарларына жергілікті жерлерде өндірілген картоп төмендетілген бағамен, яғни 1 килограмы 70 теңгеден әкеліне бастады. Көкөніс пен жемістің бағасы бұрынғы деңгейде.

Облыста оқу құралдарына тапшылық жоқ, олардың бағасы да өзгермеген. “Технодом”, “Сулпак” және “Шолпан” сияқты ірі сауда үйлеріндегі тұрмыстық техникалардың бағалары қалыпты жағдайда қалып отыр.

АИ-80, АИ-92 бензиндері де бұрынғы бағамен сатылуда.

Өңір басшысы тиісті басқармалардың басшыларына Петропавл қаласы мен облыс аудандарында жергілікті тауар өндірушілердің өніміне арналған фирмалық дүңгіршектер ашу мүмкіндігін қарастыруды және жәрмеңкелер өткізу кезінде солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұйымдастыруды тапсырды. Сол сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізуді жалғастырып, жергілікті тауар өндірушілермен өнімге баға көтермеу жөнінде жұмыс жүргізу қажет.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp