«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІГІМІЗДІҢ БАСТАУЫ

Осыдан жиырма жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына жол ашып, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 20 жылдың ішіндегі мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу Ата Заңның қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 20 жасқа толып отыр. Әрине, тарихи өлшеммен алғанда бұл азғантай ғана мерзім. Десек те, осындай алмағайып кезеңде Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық кұндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады. Мұның өзі Ата Заңымыздың зор әлеуетін білдірсе керек.  

КСРО тарихында Конституция – 3 рет, ал Тәуелсіз Қазақстанда 2 рет қабылданды. 1993 жылы қабылданған Конституцияның мемлекетіміздің дамуына сәйкес келмейтіндігі айқындалып, 1995 жылы қолданыстағы Ата Заңды қабылдауға тура келді. 1995 жылғы Ата Заң негізгі институт ретінде Президенттік Республика екендігін айқындады және солай бекітілді де. Сонымен қатар, пропорционалдық сайлау жүйесін енгізді, мемлекеттік кызметшілердің жас мөлшерін шектеу деңгейін алып тастады. Конституцияның тағы бір ерекшелігі мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы еді. Яғни, заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек органдар ретінде емес, тұтас құрылымдық жүйе қылып қалыптастырып, олардың міндеттері және жауапкершілігі белгіленді. Сондай-ақ, Ата Заңымызда дамыған Батыс елдерінің демократиялық конституцияларының ұтымды тұстары ескерілген.

Біздің Конституциямыз 1957 жылы қабылданған Франция Республикасының Конституциясы негізінде жасалды. Басқа да мемлекеттердің Конституциялары жете қаралды. Негізінен, бұрыңғы кездері алдымен – мемлекеттің, содан кейін ғана адамның құқығы айтылатын болса, біздің Конституциямызда бірінші – адамның құқығы, мәртебесі және оның құқықтық жағдайы баяндалады да, содан кейін барып мемлекет, яғни Президент, Парламент, Үкімет, Конституциялық Кеңес, Соттар төрелігі мен сот жүйелеріне тоқталады. Конституцияда адамның мәртебесі, құқығы жоғары тұратындығын байқаймыз.

Бұл Конституция – іс жүзінде үлкен еңбекпен келген еліміздің негізгі құжаты. Бәрімізге белгілі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең үлкен кұжат – 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы. Сондай-ақ, 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес егемендік туралы декларация қабылдады. Мінеки, сол екі құжаттың негізінде кейінгі бүкіл заңдар өмірге келуде.

Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы Ата Заңымыз қабылданған сәттен бастап тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егемен елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік. Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры берік, туы биік мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік.

Елбасымыз айтқандай, Ата Заң мемлекеттік биліктің қайнар көзі, халықтың өзі екенін айқындады. Француз ойшылы Шарль Монтень: “Ең жақсы мемлекеттік кұрылым – бұл халықты тұтас бірлік ретінде сақтай алған кұрылым туралы құжат” екенін атап өткен. Негізгі Заң халыққа түсінікті де мағыналы түрде баяндалған.

Бұл ретте Конституциялық Кеңес те маңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухы мен қарпіне сәйкестігінің сенімді кепілі. Конституция қоғамның демократиялық әлеуетінің өсуінің сенімді негізі болды. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттарын – теңдестірушілікті, салиқалылықты, достық қатынасты, көпвекторлықты орнықтырды. Конституциямыз барлық адамдардың теңдігін, құқықтарының біркелкілігін қамтамасыз етеді. Соның ішінде балалар құқығы ерекше орынға ие.

Жастармен жұмыс – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені, оларды саламатты өмір салтына тәрбиелеу мен жағымсыз әдеттерге бой алдырмауына тыйым салу бүгіннен басталады. Данышпан ата-бабаларымыз “Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл” деп тектен-тек айтпаған. Себебі, қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының дамуы мен тәрбиесі дұрыс арнада, дұрыс бағытта жүргізілмесе, сол мемлекеттің болашағы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан қандай ел болсын мемлекеттің бірінші ұстанатын саяси қағидасы – “Ел болашағы – жастардың колында”. Бұл қағида біздің М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де өзінің нақты бейнесін тауып, іс жүзінде жүзеге асырылуда.

Биыл 20 жылға толғалы отырған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Дегенмен, басты міндетіміз – Қазақстан тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. “Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Алтай ҚОЖАХМЕТ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры, экономика

ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp