Теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты кейбір кәсіпкерлер атап айтқанда, қант саудасымен айнылысушылар бағаны көтерген еді. Осыған орай кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жароваға жолығып, түсінік беруін сұраған едік.
– Өңірде құрылған жедел штаб құрамы күніне екі рет мониторинг жасап, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын қадағалауда. Біздің басқармада 50-49-35 телефоны бойынша “Қауырт желі” жұмыс істейді. Өңірде баға тұрақты. Өңір қоймаларында күнделікті сұраныстағы 33 тауардың жеткілікті қоры бар. Алайда, өткен демалыс күндері қант бағасы көтеріліп, тұтынушылар қиналып қалды. Біздің өңірді тауардың бұл түрімен төрт ірі кәсіпкер қамтамасыз етеді. Солардың қоймаларында 100 тоннаға жақын қант бар. Осы жағдайды пысықтаған жедел штаб негізгі жабдықтаушы – “Орталық Азия Қант корпорациясы” ЖШС-мен келісім жасап, 24 тамыздан бастап облыстағы қанттың бөлшек саудадағы бағасын 170 теңгеге түсірді.
Өңірдің тұрақтандыру қоры да бос емес. Онда қант 155 теңгеден, күріш 185 теңгеден тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз тобына сатылады. Сондай-ақ, сенбі күні облыс орталығындағы М.Жұмабаев көшесінің бойында өтетін жәрмеңкелерге шығарылады. Ал күріш біздің қазақстандық өнім болғандықтан, оның бағасы өседі деген қорқыныш болмауы тиіс.
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.