Қазақ халқының атадан балаға мирас болған салт-дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында 2009 жылы Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында “Кәусар” қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Бүгінде аталмыш ұйым аудан, ауыл көлеміндегі мәдени-рухани шараларға белсене қатысумен бірге ауылдың жас келіндері үшін тәрбие мектебіне айналып отыр. Қоғамдық ұйымның тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу мақсатында бірлестік жетекшісі Балапан Базарбекованы сөзге тартқан едік.
– Ұйымның “Кәусар” деп аталуы тегін емес, халқымыздың салт-дәстүрі сарқылмайтын бұлақтай ғой. Сондықтан ақ жаулықты әжелеріміздің ақыл-кеңесімен бүгінгі жастардың тәрбиесіне өзімізше үлес қосып отырмыз. Ақпараттық технологияның дамыған заманында өмір сүріп жатсақ та, бойжеткендер мен бозбалалар ұлттық мәдениетімізден, төл тәрбиемізден ажырамауға тиіс деп ойлаймын. Осы мақсаттағы жұмыстарымыз бір төбе. Наурыз, тәуелсіздік күні мерекелері мен мектепішілік сынып сағаттарында еліміздің ежелгі сыйластық үлгілерін насихаттайтын әдет-ғұрып, жол-жоралғыларын жаңғыртып жүрміз.
– Орталыққа 25 адам мүше екен, ал олардың ішіндегі жасы үлкені Ерке Бақтыбаева көрінеді.
– Ерке апамыз – он саусағынан өнер тамған адам. Жұбайынан ерте жесір қалып, жеті баланы жалғыз өзі жеткізді. Ерке апаның балаларына арнап тоқыған кілем мен алашалары әрқайсысының төрінде тұр. Бұрындары апаларымыз бір іске бәрі бірдей жұмылушы еді ғой. Жаздыгүндері бір-біріне қолғабыс жасап, бірнеше алаша-кілем тоқылатын. Соның басы-қасында Ерке апамыз жүргенін замандастары әлі күнге дейін айтып отырады. Бұл ауылда апамызға қолқа салып, шәлі тоқытпаған әйел жоқ шығар. Бүгінгі күні осы тоқыма түрлері ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан біздің сұрауымызбен ауылдың жас келіндеріне Ерке апамыз қолөнер бұйымдарын жасаудың жолдарын үйретуде. Жоғары сыныптың қыздарымен кездесулер ұйымдастырып, Ерке апа оларға инабаттылық жайында әңгімелеп, өмірден көрген-түйгендерін айтып отырады. Қарт ана біздің ұсынысымызды ылғи құп алып, орталық мүшелерімен бірге барлық шараларға атсалысатынын да айтып өткім келеді. Жалғыз “Кәусар” қоғамдық орталығы ғана емес, бүтіндей ауыл болып кейінгі ұрпақтың, жас отбасылардың абыройлы болуына жанашырлық танытамыз. Тәлім-тәрбиенің арқасында біздің Кеңес ауылының аты жақсы жағынан ғана шығып жүр.
– Мектепте өз күштеріңізбен мұражай ашқан екенсіздер. Қазақ халқының ежелгі тұрмыстық бұйымдарын ауыл адамдарынан жинадыңыздар ма?
– Мұражайдағы бұйымдардың ең көнесі – жүз жылдан астам тарихы бар тас диірмен. Біздің ауылда темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған шеберлер көп болған екен. Солардың қолөнер бұйымдарын ұрпақтарынан сұрап алып, мұражайға қойдық. Қолүтік, күбі, тағы да басқа тұрмыстық заттар ата-бабаларымыздың өмірі мен кәсібінен сыр шертеді.
– “Кәусар” қоғамдық бірлестігі Кеңес орта мектебінің жанынан ашылған екен. Сондықтан орталықтың жұмысы да мектеп өмірімен біте қайнасып жатыр ғой. Жалпы білім ордасы туралы да айтып өтсеңіз.
– Иә, мен мектеп басшысы әрі орталықтың жетекшісімін. Бүгінгі күні Кеңес орта мектебінде 70 оқушы бар. Оқу ғимараты көне, бірақ білім беру сапасы жағынан аудандағы көш бастаған мектептердің біріміз. Осы күнге дейін қаншама ауыл мектептері бала санының аздығынан жабылып қалды, ал білім беру мекемесі болмаса, тұрғындар да туған жерді тастап, көшіп кетуге мәжбүр. “Ауыл – алтын бесік”, сондықтан тәрбиенің, салт-дәстүрдің жоқтаушысына айналған қасиетті қарашаңырақтың іргесі сөгілмесе екен деген ниетпен қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз.
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.