«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛТЫНА БЕРІК

Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қалыптасқан. Алайда, Қазақстандағы түрлі этностардың бір-бірімен араласуының нәтижесінде салт-дәстүрлерінің кейбіреулері жергілікті дәстүрге ұқсап, өзгеріске ұшыраса, кейбіреулері мүлтіксіз сақталып қалған.

Қазақстанда тұратын немістердің өз араларында тойлайтын ұлттық мейрамдары бар. Мысалы, аптаның соңғы күндерінде “Ата-аналар күні” деп аталатын мейрамын тойлайды. Қайтыс болған кісілердің аруақтарына бағыштап түрлі тәтті тоқаштар мен бәліштер пісіріп, туыстарына таратады.  

Мұсылман елдеріндегі күзде тойланатын “Сабантойға” ұқсас немістер де әр науқан аяқтала келе мереке жасайды. Сондай-ақ, Жаңа жыл шыршасын әсемдеуге еліміздегі немістердің балалары да атсалысып, ерекше мән береді. Мейрам барысында дастарқан басына жиналып, ән айтып, би билеп, ойындар ойнайды, бір-біріне сыйлықтар ұсынады. Бұл – балаларды ізгілікке, шеберлікке үйретудің халықтық дәстүрі.

Қазақтар сияқты немістер де үйлену тойына зор мән береді. Оларда сақталған дәстүрдің бірі жергілікті дәстүрге ұқсас. Ол – атастыру дәстүрі. Оны “серт беру” немесе “салтанатты сыйласу” деп те атайды. Екі жақтың туыстары құда болғандықтарын жариялап, жақын араласа бастайды. Некелесуге даярлық сол күннен басталады. Құдаласқан екі жақ бірлесіп жас жұбайларға жасау жинап, үй салып береді.

Немістерде жас жұбайларға нан ұсыну дәстүрі қалыптасқан. Бұл нанды “бақыт наны” деп атайды. Наннан ауыз тиген соң қалған наннан квас жасайды, той кезінде жасалған сусынды қонақтарға ұсынады. Дәм татқан меймандар табаққа ақша салады. Бұл қазақтың “Беташарындағы” ақша салу дәстүріне сәйкес келеді.

Немістерде жас жұбайлар тұратын үйдің ауласына құйрығына сыпыртқы байланған әтешті жібереді, ол сыпырған күйі өткен жерді тазалап өтеді. Бұл жас отауға келеңсіздіктер үйір болмасын деген ырым.

Қазақстандағы немістерде жас жұбайларға “қышқыл не ащы капуста жегізу” рәсімі де бар. Оны жеудің мақсаты өмірдің ащы-тұщысын бірге көреміз деп серттесу болып табылады. Қазақтың күйеу балаға төс тарту рәсімі сияқты күл салынған табаққа ақша салу рәсімі тұрғылықты немістерде де бар.

Галина ФРЕДЕРИК,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp