Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің 2015 жылғы деректеріне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында 196,5 мың қазақ тұрады. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға өскен. Орыстардың саны – 285,3 мың. Ал украин этносының үлесі 0,1 пайызға төмендеген.
Облысымызда өткен жылмен салыстырғанда тәжіктер 5,2 пайызға (814 адам), әзірбайжандар 2,6 пайызға (1782 адам), армяндар 1 пайызға (1366 адам), өзбектер 0,2 пайызға (487 адам) өскен. Басқа этностардың саны керісінше кеміген. Мәселен, орыстар мен немістер – 0,8, поляктар – 2,5, татарлар – 0,8, белорустар – 2,8, шешендер – 3,4, чуваштар – 1,4, ингуштар – 1,8, башқұрттар – 0,7, литвалықтар – 0,1, мордвиндер 3,61 пайызға азайды.
Қазақтар Уәлиханов (89,6 пайыз) және Ақжар (78,1 пайыз) аудандарында көп қоныстанған.
Украиндардың үлесі Тайынша, Шал ақын, Мамлют, Есіл аудандарында облыстың орташа көрсеткішінен жоғары. Немістер көбінесе Тайынша (барлық аудан тұрғындарының 9,6 пайызы), Мамлют, Аққайың, Шал ақын аудандарында шоғырланған.
Тайынша ауданында облыстағы поляк этносының 80 пайызынан астамы тұрып жатыр. Олар аудан тұрғындарының 21,8 пайызын құрайды.
Татарлардың 54 пайызынан астамы облыс орталығында, 10,4 пайызы Қызылжар, 5,9 пайызы Жамбыл аудандарында тұрады. Петропавл қаласында тұрғындар саны бойынша орыстар мен қазақтардан кейін үшінші орында татарлар тұр.
Белорустардың үлес салмағы Тайынша, Шал ақын, Тимирязев аудандарында облыстың орташа көрсеткішінен жоғары.
Саида АБДУЛХАИМОВА,
облыстық статистика департаментінің әлеуметтік-демографиялық статистика басқармасының басшысы.