«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ – ҮЗДІКТЕР ШОҒЫРЫНДА

Солтүстікқазақстандықтар халықаралық сайыстардағы жетістіктерімен қуантуда. Румынияда өткен “Tour of Szeklerland” халықаралық велокөпкүндігінде құрамында Олег Земляков, Александр Шушемоин, Вадим Галеев, Жандос Бижігітов, Евгений Гидич, Дмитрий Лукьянов, Степан Астафьев және Алексей Волошин бар “VINO 4-EVER” құрлықтық велокомандасы үздіктер қатарынан көрінді.

Велокөпкүндіктің 190 шақырымдық кезеңі барысында негізгі топтан екі мәрте суырылып алға шыққан Олег Земляковке шешуші сәтте тағы бір жерлесіміз Жандос Бижігітов көмекке келді. Мәреге 10 шақырым қалғанда өзге қарсыластарынан қара үзген үш велошабандоз жүлделі орындарды өзара бөлісті. Сөйтіп, Беларусьтің “Минск” құрлықтық велоклубының өкілі Александр Кучински жеңімпаз атанса, Олег Земляков пен Жандос Бижігітов сәйкесінше екінші, үшінші орындарды еншіледі.

Қазақстандықтар “Tour of Szekler-land” сайысының екінші кезеңінде де қарқынды бәсеңдеткен жоқ. Бұл жолы мәре сызығына 90 шақырым қалғанда негізгі топты артта тастаған 8 велошабандоздың ішінен табыла білген Олег Земляков австриялық қарсыласы Клеменс Фанхаусерден ғана ұтылып, мәре сызығын екінші болып қиды.

“VINO 4-EVER” құрамасы 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қажетті “UCI” рейтингілік ұпайларды сәтті жинауда. Бүгінде Қазақстан велоспортшылары жинаған 342 ұпайдың 242-сі біздің велоклуб мүшелеріне тиесілі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp