Теңгенің айырбас бағамының еркіндікке жіберілуіне байланысты Елбасы Үкіметке Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі қазақстандықтардың салымдарының бүтіндігін сақтау мәселесін ойластыруды тапсырды. «Адамдар пәтерді несиеге алу үшін ақша жинады. Сондықтан Үкімет олар жинаған қаржыларын жоғалтпау үшін жеке ойластырып, есептеулері тиіс», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада негізгі экспорттаушы компаниялар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте.
Осыған орай «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Үкіметпен бірге бірқатар шаралар жоспарлауда. Салымдарды сақтаудың әртүрлі тетіктері қарастырылып жатыр. Шешім қысқа мерзім ішінде қабылдануы тиіс. Бұл ретте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тек қана салымшылардың мүддесіне қарай әрекет етеді.
Қазіргі күні тұрғындармен жасалған 543 228 шарт бар. Салымдар 276 миллиард теңгеге жеткен. Бағамның өзгеруі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыруға ықпал етпейді. Жергілікті атқарушы органдармен шарт жасалған нысандар қаржыландырыла береді. Тұрғын үй бағасы теңгемен белгіленген. Орналасқан өңірлеріне байланысты 1 шаршы метрдің бағасы 90 000 – 142 500 теңге аралығында.
2015 жылдың 1 тамызында «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша жалпы алаңы 28,654 мың шаршы метр болатын 464 пәтердің құрылысы аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы алаңы 9,843 мың шаршы метр 145 пәтер салу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда еліміздің 9 облысында 1927 пәтер бойынша пулға қатысуға өтініш қабылданып жатыр. Жыл соңына дейін тағы да 2895 пәтер бойынша өтініш қабылданбақ.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ
Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы.