Тимирязев ауданының Жарқын ауылындағы ағайынды Бірлік Сұлтанов пен Рақым Абылаев бірлігі жарасқан отбасылар ретінде жергілікті тұрғындар арасында ерекше құрметке ие. Олар бір шаңырақтың астында түтін түтетіп, қой, қара мал және жылқы өсіруге басымдық беруде.
Бірі – атасының, бірі ұлы атасының атын ата тегі еткен Бірлік пен Рақым осыдан он жылдай бұрын шаруа қожалығын құрып, мал өсіруге біржола бетбұрыс жасаған көрінеді. Оған ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” филиалының кредиті де себеп болған сияқты.
– Сол кезде жергілікті әкіміміз, өз ауылымыздың тумасы Талғат Есләмов ағайымыз мал санын көбейтуге мүмкіндігі бар отбасылармен жиі әңгімелесіп, бұл жобаның артықшылығын алдымызға жайып салды, былайша айтқанда, шаруа қожалығын құрып, түбегейлі мал шаруашылығымен айналысуға ұсыныс жасады. Кіндік қанымыз тамған Жарқыннан алыстап, ешқайда кетпейтін болғандықтан, сонымен бірге өз қосалқы шаруашылығымызда мүмкіндігімізше мал ұстап жатқандықтан, жергілікті әкімнің бұл ақылын шынайы қамқорлық деп түсіндік. Ағам екеуіміз осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шыға еңбек еткен, о дүниелік болған әкемізден кейінгі ақылшымыз, қамқорымыз, бүгінгі күні 77-ге келіп отырған анамызбен ақылдаса келіп, мемлекеттің қолдауына арқа сүйей отырып мал басын көбейтуге бел будық. Сол жылы ағамның атында “Бірлік” шаруа қожалығын құрдық. 2006 жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” филиалының алғашқы кредитіне қол жеткіздік, – дейді Рақым Серікұлы.
Ағайынды фермерлер сол жылы берілген 1,3 млн. теңге кредитке Тайынша ауданындағы “Алабота” асылтұқымды мал зауыты” ЖШС-ден 7 бас қазақтың ақбас мұқыл сиыры мен 1 бұқасын алыпты. Сөйтіп, алғашқы қадамдарын етті бағыттағы асылтұқымды мал өсіруден бастаған екен. Шаруашылық мал өсірумен айналысуды мақсат еткеннен кейін орта жолда тоқтап қалуды жөн көрмегендей. Сондықтан болар, 2008 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 3 млн. теңгенің кредитіне қол жеткізіп, қорасына тағы 32 бас жергілікті мал қосыпты. Қазір сол малдары 100-ден асқан көрінеді. Тұқым жаңарту өз нәтижесін бере бастағанын табындағы сиырлар мен бұқалардан да байқауға болады.
Бүгінгі күні қожалық бір үйірдей жылқы ұстайды. Осының бәрі – қол қусырып отыра бермей, жұрт қатарлы өмір сүрудің амалы.
– Биыл өзіміз үйренген “Сыбаға” арқылы тағы да тиісті құжаттарымызды рәсімдеп, 1 млн. теңгенің үшінші кредитіне 35 бас қой алдық. Сөйтіп, өрістегі қойымыздың санын 100-ге жеткіздік. Мал бағуға арналған 100 гектар жайылымдық жеріміз бар. 120 гектар егістік алқапқа арпа, сұлы, тары ектік. Осының бәрі шаруашылығымыздағы малды жемазықпен қамтамасыз етудің қамы, – дейді Рақым.
Шаруа қожалығына тиесілі шөп шабатын және шөп жинайтын, астық бастыратын “Нива” комбайндары бар. Осыдан екі жыл бұрын лизингке “МТЗ-82” тракторын алыпты. Оған шөп артатын “КУН” қондырғысын орнатқан. Рақым Серікұлының айтуынша, биыл ерте қамданып, шабындыққа дер кезінде шалғы салыпты. Соның арқасында бүгінгі күнге дейін 400 тоннадай шөп әзірленген.
– Қол күші жете бермегендіктен, екі малшы жалдап отырмыз. Малдарымыз ауылдан 3 шақырымдай қашықтықтағы жайылымдықта бағылады. Онда жаздық қора, малшыларға арналған арнайы үй бар. Ағамның облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бас маман болып қызмет істейтін ұлы Жанайдар арнайы демалыс алып, шөп шабу науқанына қолғабыс етуде. Алдағы уақытта 15-20 бұқашықты мемлекеттік сатып алу бағдарламасы бойынша өткізсек пе деген ойымыз бар. Сонымен бірге, жылдағы дәстүр бойынша 20-30 қойды базарға шығарамыз, – дейді малсақ жігіт.
Жайылымдықтағы малды қыста күту үшін үйдің жанына арнайы қора салыныпты. Шөп үйетін орын да сол жерден сайланған.
– Биыл 7-8 сиыр сауып, өзімізден артылған сүтті Сергеевканың май зауытына тапсырудамыз. Сүттің бір литрін 44 теңгеден жинап әкетеді. Одан артық бағаға алатын кәсіпорын жоқ. Амалсыз соларға беріп жатырмыз. Қойлардың жүні мен терісі де пайдаға аспайды. Бұрынғы кеңшар кезіндегідей дайындаумен айналысатын мекеме немесе тері-терсек жинайтын кәсіпкер болса, жыл сайын қайталанатын қой өнімін далаға шығарып тастамаған болар едік. Мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін заман ағымына орай атқаратын жұмыстарымыз да аз емес. Тіпті, шөп дайындаудың өзін толық механикаландырдық дей алмаймыз. Облыс аумағындағы тасы өрге домалай бастаған шаруа қожалықтарынан үйренеріміз көп. Ауылда тұратын кәсіпкерлерге “Сыбаға”, “Алтын асық” бағдарламалары арқылы көмек көрсетілуде. Соны тиімді пайдалана білуіміз керек. Ең негізгісі, нарыққа сай еңбек етіп, өз күніңді өзің көргенге не жетсін?! – дейді төрт баласының қамымен жарғақ құлағы жастыққа тимей, ағасының отбасымен бірге қосалқы шаруашылықтарын дөңгелетіп отырған Рақым Абылаев.
Ағайынды жігіттердің ауыл ортасындағы еңселі үйі ғана емес, оның тап-тұйнақтай орамы да, бетон тақталар төселген жүргінші жолы да ерекше бір ұқыптылықты танытады. Өздері түлеп ұшқан көне баспананы бұзбай, сақтап отырғандары құптарлық-ақ іс. Ауылымен біте қайнаған, кәрі шешелерін алақанына салып әлпештеп отырған, бір шаңырақтың астында ынтымағы жараса еңбек етіп жатқан ағайынды Бірлік пен Рақымның көштен қалмайтын тірліктері көпке үлгі болғандай. “Ұмтылған ұтады”, деген осы болса керек.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
