«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП – ОЗЫҚ, БІРАҚ, ТОЗЫҚ…

Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп – өңіріміздегі беделді білім шаңырақтарының бірі. Оны менің үлкен қызым мен үш жиенім бітірді. Қазір кіші қызым осында оқиды. Отбасылық тәрбие өз алдына, баланың қоғамдық ортада алған өнегесі қашанда басымдық танытады деп ойлаймын. Ал аталмыш мектепте оқыған балаларымның өресі мен қазақи тәрбиесіне қарап, осы шаңырақтың бағыт-бағдарына, ұстанымына разы боламын. Бұл білім ордасында білікті ұстаздар ұжымы қалыптасқан.

Дегенмен, осы мектептің тар және ескі ғимараты жайлы ата-аналар жиі сын айтады. Оның тарлығынан оқушыларға қажетті көптеген шаралар ұйымдастырылмайды. Жағдайды терең білмейтін ата-аналар реніштерін мектеп әкімшілігіне білдіреді. Мәселен, ғимараттың кіреберіс дәлізінің тарлығы оқушылар тұрмақ, ата-аналардың қитығына тиеді. Бастауыш сыныптағы балаңды алып кетуге барған кезде сығылысқан адамдар бір-бірінің аяғын басып, жүйкелері тозып тұрады.

Бұл ғимараттың өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынғанын жақсы білеміз. Сондықтан балалар күз және көктем айларында екінші қабаттың төбесінен су ағып жатыр дегенді айтып келгенде оны да үйреншікті жағдай ретінде қабылдаймыз. Ал ылғалдың бала денсаулығына зияны мол. Соңғы 15-20 жыл ішінде бұл мектептің ғимаратына толық жөндеу жүргізілді дегенді естімеппін.

Балаларды да, ата-аналарды да қинайтын тағы бір жайт – ондағы оқытудың екі ауысымдылығы. Балалар 1-сыныпта таңертең оқыса, 2-сыныпқа түстен кейін барады. Бұл бала тұрмақ, ата-ананың жұмыс режімін бұзады. Жалпы өзім екі ауысымдық оқыту жүйесіне қарсымын. Түстен кейінгі мерзім оқушыларды қосымша сабақтарға, түрлі үйірмелерге тартуға арналса, қандай жақсы болар еді?! Аталмыш мектепте санаулы ғана үйірме жұмыс істейді. Басқа шараларға ғимарат тарлық етеді. Менің қызым кешкі сағат 7-ден кейін басталатын волейбол үйірмесіне барады. Жетекшісінен үйірменің неге күндіз өткізілмейтінін сұрағанымда ол: “Спорт зал күні бойы оқу бағдарламасына байланысты босамайды. Тек кешкілік уақыт қана зал біздікі”, – деп жауап берді. Кешкілік мектепке кеткен бала үшін алаңдап отырамыз. Сынып жетекшілері бала санына қарай кабинеттерін жиі ауыстырады. Өйткені, ондағы кабинеттердің көпшілігі шағын. Жаңа оқу жылына дайындық кезінде баласын осы мектептің 1-сыныбына бере алмай, қаншама ата-ана ренжіп кетеді. Келген баланың барлығын қабылдауға тағы ғимараттың тарлығы себеп. Мектеп 226 балаға арналса, биыл оның табалдырығынан 600-ден астам бала аттамақ.

Байқап отырғанымыздай, мектеп ғимаратының тарлығы ата-аналарды айтпағанда, ұстаздар мен оқушыларға көп қолайсыздықтар туғызып отыр. Әлбетте, біреулер “Облыс орталығында басқа да қазақ мектептері бар емес пе, дау-дамай айтпай, соған бармай ма?” – десе, орынды шығар. Бірақ, мен баламның жақсы білім алып шығуы үшін тек осы мектепті қалаймын. Ата-аналар келер жылы бұл мектепке басқа ғимарат берілер немесе барын кеңейтер деген үмітін үзбей келеді. Бірақ биыл да бұл мәселе шешімін таппапты. Балалардың бұрынғы белгіленген кестемен оқитындарын естіп, көңіліміз жүдеп қалды.

Гүлімхан БЕЙСЕНОВА,

10 “ә” сынып ата-аналарының атынан.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp