«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАНА БОЛАР ЕЛІМ БАР

Арақ деген әзәзілдің жеңбейтіні жоқ қой. Сүттей ұйыған шаңырағымыздың ортасына түсіп, отбасындағы алты баланың бір-бірімізден ажырап қалуымызға әке-шешеміздің біртіндеп ішімдікке әуестенуі себеп болды. Олар бұл жалғанда біздің барымызды ұмытқандай, қолдарына түскен тиын-тебенді бір жұтым “ащы суға” жұмсады. Ақыры ата-ана құқығынан айрылып тынды. Оның ауыртпалығын біз көрдік. Үлкен әпкем кәмелет жасына толғандықтан, ауылда қалды. Қалған бесеуімізді алдымен Қызылжар ауданындағы Архангелька ауылындағы, кейін облыстағы әртүрлі балалар үйлеріне бөліп жіберді. Мен ол кезде он бесте болатынмын, сондықтан ең кіші інімді менімен бірге Петропавл қаласындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа орналастырды. Қалған бауырларымды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл балалар үйіне жіберді. Біз осылайша ата-ана қамқорлығынан айрылып бір қиналсақ, туған бауырлар бір-бірімізден бөлек кетіп, бөтен ортаға түсіп, тағы қапаландық.

Бізді қабылдаған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа ол кезде Валентина Кондратова басшылық ететін. Бұл ұжымдағылар арасында “Жылы үй” аталып кеткен балалар үйінде таза киім, жұмсақ төсек-орын, мұнтаздай жиналған бөлмелер, нәрлі тамақ – бәрі бар. “Жылы үй” десе дегендей, атына заты сай болды. Алайда, қанша жақсы дегенмен, өз үйің – өлең төсегіңдей болу қайда?! Туғандарыңмен, бауырларыңмен бірге болған аш құрсақ күніңді аңсайсың. Соңыңнан әке-шешең іздеп келердей, терезенің түбінде телміресің…  

Адам жақсыға тез үйренеді ғой, біртіндеп ол өмірге де бой ұсындық. Мұндағы өзіміз сияқты жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған басқа балалармен араласып-құраласып, туған бауырдай болып кеттік. Аталмыш мекемеде жұмыс істейтіндердің барлығы жүректеріне имандылық ұя салған жандар болды десем, артық айтпаспын. Олар әр тәрбиеленушіге туған ата-анасынан көрмеген жылылық шуағын сеуіп, бізді бір-бірімізге қамқор болуға, бауырмалдыққа, жанашырлыққа, төзімділікке баулыды. Солардың арасында біздің отбасымызда тәрбиеші болған, жүзінен жылылық, көзінен мейірім шуағы төгілген ғажап жан – Надежда Долговыхты ерекше сезіммен еске аламын. Өйткені, ол кісінің бізге берген тәрбиесі, ақыл-кеңесі менің өмірлік ұстанымыма айналды. Бүгін өзім үйлі-баранды болып, ана атанған шақта осынау асыл жанның үйреткен тәлім-тәрбиесінің көмегін көріп келемін.

Мектеп-интернатта білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыз да өздерінің тәлім-тәрбиесімен, жүріс-тұрыстарымен бізге үлгі-өнеге бола білді. Әсіресе, алгебра, геометрия пәндерінен сабақ берген мұғалімім Тамара Абушакимова өте ерекше кісі болды. Аталмыш пәндер оқушылар үшін қиын сабақтар болып есептелгенімен, ұстаздың білімділігі, сабақ түсіндіру әдісі бізді тәнті ететін.

Балалар үйінде әр мереке атаусыз қалмайтын. Ол мейрамдарға әр отбасы жеке дайындалып, өз өнерлерімізді ортаға салатынбыз. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Людмила Майэрдің сабақтан тыс ұйымдастыратын шараларынан қалмауға тырысатынбыз. “Поэзия минуттарында” өлең шығаруға қабілеті барлар өздерінің шығармаларын оқыса, ондай өнерлері жоқтарымыз белгілі ақындардың туындыларын мәнерлеп жатқа айтатын едік. Осы шаралардың өзі балалар үйінде әртүрлі жағдайда басымыз тоғысқан біздерді одан сайын ұйыстыра түсетін. Қазір ойлап қарасам, менің балдәурен шағымдағы ең бір шуақты күндерім осы мекемеде өткен екен. Кәмелет жасына толғанда ең бірінші рет алған сыйлығым, сондағы қуаныш сезімім де әлі есімде. Онда біздің демеушіміз болған “Дарья” базарының директоры Роза Хафизқызы (тегі есімде жоқ – С.Б.) маған фотоаппарат сыйлап еді.

Өмір үнемі бір қалыпта тұрмайды. Осы уақытқа дейінгі менің өмірім де ақ пен қара жолақтардан құралғандай. Олай дейтінім, 2001 жылы орта мектепті бітірген соң “Жылы үймен” қоштасуға тура келді. Сол жылы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне валеология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Студент кезімде жатақханада тұрдым, оқуымды тамамдаған соң одан да айрылып қалдым. Түрлі жағдайлар басымнан өтті, мамандығым бойынша жұмысқа кіре алмадым. “Жетім балаға жеті бидай да тамақ” дегендей, күн көру керек, ақша тауып, аштан өлмес үшін жұмыс таңдаған жоқпын. Базарда сатушы, дәмханаларда даяшы, әртүрлі мекемелерде еден жуушы болдым. Сөйтіп жүріп, “Оңтүстік Орал темір жолы” бөлімшесінің Петропавлдағы локомотив депосына еден жуушы болып жұмысқа тұрдым, онда маған жатақхана берді. Алғашқы мамандығым бойынша жұмысқа кіре алмаған соң колледжге оқуға түстім.

Қазір сол мамандығым бойынша темір жол депосында электромеханик болып еңбек етемін. Тұрмыс құрдым. Жұбайым да осы депода жұмыс істейді. Екеуміз отасқалы 15 жыл болды. Сегіз жасар ұлым өсіп келеді. 2013 жылы жалгерлік-коммуналдық үйлерден пәтер алдым.

Балалар үйіне өзіммен бірге түскен кіші інім де азамат болып қалды. Ол Айыртау ауданындағы Лобаново ауыл шаруашылығы колледжін тамамдап, одан кейін Шымкент қаласында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келді. Қазір “Күзет” қызметінде еңбек етіп, көз алдымда жүр. Басқа бауырларым да мемлекеттің қамқорлығының арқасында, Ата Заңымыздың аясында білім алып, аяқтарынан тік тұрып кетті. Олар Ақмола облысында жұмыс істейді. Мектеп-интернатта бірге тәрбиеленгендермен қатынасымыз үзілген жоқ. Олардың да арасында мен сияқты пәтер алып, отбасын құрғандары бар.

Осы мақаланы жазбас бұрын көп ойланып-толғандым. Қазір ойлап отырсам, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат сияқты мемлекет қарамағындағы мекемелер болмаса, біз сияқты панасыздардың күні не болар еді? Еліміз бойынша осындай жетімдер үйі қаншама? Оларда желдің өтінде қалған қанша жәудір көздер жан жылуын тауып, білім алып, адам қатарына қосылуда?!

“Пана болар елің болсын, табан тірер жерің болсын” дегендей, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, өз басым бүгінгі күнге жеткізген мемлекет қамқорлығына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатына алғысым шексіз. “Ел бұзылса, шайтан өрнек салады” деген бар ғой. Өзге мемлекеттердегі жағдайларды теледидар хабарларынан күнде көріп отырмыз. Ендігі тілек еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!

Светлана БОРИСОВА,

локомотив депосының электромеханигі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp