«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІНӘСІ БАР ҚУАРЫП, КІНӘСІ ЖОҚ ҚУАНЫП…

27 тамызда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болды.

Әуелі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров өзі жетекшілік ететін салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы талаптарының сақталуы жайында баяндады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында аталмыш мемлекеттік мекеме қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық анықталмаған. Дегенмен, Тәртіптік кеңес мүшелері Қайрат Қайроллаұлының назарын ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне мемлекет қазынасынан берілетін жәрдемқаржыны бөлуде барынша әділдік пен жүйелі тәртіп орнату қажеттігіне аударды. Бұл ретте, әсіресе, ауыл шаруашылығы құрылымдарын жәрдемқаржы туралы кеңінен ақпараттандырудың және оны бөлудің мөлдірлігін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап көрсетілді.

Мағжан Жұмабаев ауданы прокуратурасының ұсынымымен Булаево қаласы әкімінің орынбасары Юрий Портнягиннің үстінен қозғалған тәртіптік істі қарау кейінге қалдырылды. Өйткені, ол прокуратураның өзін Медвежка ауылындағы балалардың ойын алаңын көркейту бойынша қолданыстағы заңнаманы бұрмалаушылыққа жол берді деп кінәлауымен келіспейтінін мәлімдеді. Соған орай қосымша тексеріс жүргізілетін болып шешілді.

Ал Ақжар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің биылғы наурыз айында тағайындалған жаңа басшысы Болатхан Бақтыбаев тәжірибесіздігінің салдарынан сүрініп, өзі атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту алатын болды. Себебі, ол әлеуметтік маңызы бар, шығынды бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдаушыларға бюджет есебінен төленетін жәрдемқаржыны бөлумен айналысатын комиссия құрмастан, осы маңызды мәселені өзі жеке-дара шешіп, асыра сілтеп жіберген екен. Бұған қоса, “Перлов” және “Ақбалтыр” шаруа қожалықтарының жолаушылар тасымалдауға құқық беретін куәліктері жоқ екендігін де білместен, оларға жәрдемқаржы төлеген болып шықты. Осындай бұрмалаушылықтар прокуратура араласқан соң ғана әшкереленіп, түзетілген.

Қызылжар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жоламан Бакишевтің үстінен аудандық прокуратура ұсынымына сәйкес қозғалған тәртіптік істі қарауды да кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Өйткені, қадағалаушы орган қызметкерлері Ж. Бакишев тапсырыс беруші ретінде өткен жылы “Омутки” ағын су жиналатын тоған бөгетін күрделі жөндеуден өткізуде және Бескөл ауылында қазандық салуда мердігерлік ұйымдарға тиісті төлемақыны артық төледі деген кінә таққанымен, облыстық ауданаралық экономикалық сот оны теріске шығарған. Алайда, прокуратура қызметкерлері сот шешімімен келіспейтіндіктерін және осы жөнінде апелляциялық шағым түсіретіндіктерін білдірді.

Петропавл қаласы әкімі аппаратының басшысы Тілеубай Есжановқа үстіміздегі жылы әскерге шақыру жасына дейінгі жасөспірімдерді медициналық куәландыру және әскерге шақырылушыларды медициналық тексерістен өткізу қызметтерін көрсету бойынша “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңнан жаңылысып, қате шешім қабылдағаны үшін Ар-намыс кодексіне сәйкес қатаң сөгіс жариялау ұйғарылды.

Сондай-ақ, Тәртіптік кеңес Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің аталмыш мемлекеттік мекеменің бөлім басшысы болып істейтін Лариса Емурановаға сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа ұрынды деген кінә таққан хатында баяндалған даулы жағдайды жан-жақты талқылады. Нәтижесінде мемлекеттік қызметші Л. Емуранованың іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзушылық белгісі жоқ деп танылып, оның үстінен қозғалған тәртіптік істі қысқарту туралы шешім бірауыздан қабылданды. Ол екінші топтағы мүгедек екен. Кембағал жан өзінің тағдырына қатысты мәселені әділ шешкен Тәртіптік кеңес мүшелеріне ризашылығын білдіріп, қуанышын жасырмады.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp