«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ

Еліміздегі білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы ауылдық және шағын жинақты мектептердің мәселелерін шешу, инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру, қоғамның сұранысына сәйкес келетін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуды жүзеге асырудың жеке тетіктері Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында көрсетілген.

Әрине, бұл орайда алдымен еліміздің ұстаздарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал оларға білімдерін және кәсіби деңгейлерін арттыру жолында, оқытудың инновациялық стратегияларын енгізу үдерісінде көмек көрсету “Өрлеу” институтының құзырында.  

Жақын күндері біздің оқытушылар облыс мұғалімдерін, оның ішінде ауыл ұстаздарын Кембридж университетінің білім факультеті әзірлеген деңгейлік бағдарламалар бойынша оқытуды жалғастырмақ. Деңгейлік курстарды ұйымдастыру – институт тренерлері үшін сын, өйткені, курс түлектері портфолио құрастыру, таныстырылым және біліктілік емтиханын тапсырудан тұратын сырттай бағалау үдерісінен өтеді. 2012 жылы «Өрлеу» филиалдарында оқыған мұғалімдердің 6540-ы (99%) сертификат алды, 2013 жылы – 9803 педагог (99%), 2014 жылы –11239 (98,5%) мұғалім сынақтан сүрінбей өтті. Бұл деңгейлік курстар бойынша оқыту сапалы жүргізіліп жатқанына дәлел. Ал 2020 жылға дейін Қазақстанда 121 500 (40,5%) ұстаз деңгейлік оқыту курсынан өтеді деп жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні облыс мектептерінде деңгейлік бағдарлама бойынша біліктілігін арттырған 1484 мұғалім еңбек етуде. Үстіміздегі жылы алғаш рет “Өрлеу” филиалдарында мектеп бағдарламасының жаңартылған мазмұны бойынша айлық курстар басталады. Біздің институтқа “Инклюзивті білім берудің мазмұны”, “Мүмкіндігі шектеулі балалармен түзету-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа жолдары”, “Қауіпсіз орта қалыптастыру және мектептегі озбырлықтың алдын алу” тақырыптарындағы курстарда 75 педагогті қайта оқыту үшін қаражат бөлінді. Ал бұл бағыттарға арналған бағдарламаларды “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ғалымдары әзірлеп, еліміздің Білім және ғылым министрлігі бекіткенін айта кеткен жөн.

2015 жылы көшпелі және корпоративті, семинарлар, онлайн-вебинарлар, конференциялар, кәсіби байқаулар (“Педагогикалық дуэт”, “Білім беру ұйымының үздік сайты”, “Үздік психолог”, “Инновациялық жобалар байқауы” және т.б.) ұйымдастыру көзделген. Осыған орай мамыр-шілде айларында республикалық байқауға жаңа оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері, сандық білім беру контенттері дайындалды. Ресей Федерациясы мен Украинаның 8 білім беру ұйымымен өзара ынтымақтастық жоспары нақтыланды, мамандандырылған дәрісханалар базасы кеңейтілді. “Көптілді және полимәдени білім” тақырыбында тағылымдама өткізілді. Оқу материалдарын әзірлеу бойынша арнайы министрліктің және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының тақырыптық жоспарына сәйкес әдістемелік құралдар әзірленді, инновациялық педагогикалық тәжірибені тарату үшін нормативтік база дайындалып, бекітілді.

“Өрлеу” біліктілікті арттыру институты үшін білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан заманауи үрдістерді ұстаздарға үйрету, жас ұрпақтың тәрбиесіне атсалысу әрқашан басты орында болмақ. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершіліктің салмағы ауыр.

Мархаба ҚУАНТАЕВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы

директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp