«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӨТКЕНІМІЗГЕ АРНАЛДЫ

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Бабадан – мирас” атты көрме ашылды. Салтанатты рәсімге кітапхана, мұражай қызметкерлері, облыс ардагерлері мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары шақырылған екен. “Көрмені өңір тұрғындары мен меймандарын қазақ халқының тарихымен, тұрмысымен және мәдениетімен таныстырып, жастардың өткен күндерге құрметін ояту мақсатында ұйымдастырып отырмыз”, – деді этнография бөлімінің меңгерушісі Сәуле Байтенова.

Аталмыш көрме бірнеше экспозициялық бөлімнен тұрады. Келушілер қазақ хандары мен хандықтың құрылу тарихына қаныға түсті. Көрме төрінде ата-бабаларымыздың тұрмыстық және басқа да құнды жәдігерлері тұр. Этнографиялық заттардың дені мұражай қорынан алыныпты. 17-18-ғасырлардағы дулыға, ағаш пен сүйектен, былғары мен киізден жасалған бұйымдар, музыкалық аспаптар, ұлттық киімдердің түрлері жайлы келушілерге мұражай қызметкерлері жан-жақты мағлұмат берді. Өткен ғасырларда өмір сүрген өңіріміздің бай-бағландарының заттарын да осы жерден кездестіруге болады. Мәселен, Сулышоқ ауылының болысы Едірес қажы Айдарбековтің арнайы тапсырыспен жасалған орындығы, белгілі зергер Айтбай Ізтөлиннің әшекейлер жасауға арналған құрал-жабдықтары ұрпақтарының тапсыруымен бүгінгі күні көрменің құнды жәдігерлеріне айналған.

Этнография бөлімін аралап көрген меймандар мұндағы 150-ден астам жәдігердің, әсіресе, студенттер мен оқушылар үшін танымдық-тәрбиелік өнегесі зор екенін айтып, тарқасты.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp