
Бұл күні облыс орталығындағы Қазақстан Конституциясы көшесі қызылжарлықтар мен қала қонақтарына лық толы болды. Көп жасап, көпті көрген қарт-қариялардың қардай қылаусыз көңілі, ересек жандардың ұмтылысы мен жігері, әртүрлі этнос өкілдерінің тыныштық пен татулық бесігінде тербеліп айтқан тілектері, жастардың болашаққа нық сенімі, бүлдіршіндердің бейкүнә қуанышы – барлығы бір көшенің бойынан табылып, бір арнаға тоғысты. Шадыман шаттыққа бөленген олар өңіріміздегі шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған “Ата Заң – елдігіміздің еңсесі” атты мерекелік концертті тамашалады.
Есімі өңір жұртшылығына етене таныс “Самғау” тобының орындауындағы “Алға, Қазақстан!” әнімен басталған мерекелік шара “Экспромт” халық би театры бишілерінің сазды-әдеби-хореографиялық композициясына ұласты. Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, әнші Дәмеш Құрманкина шырқаған “Цвети, земля моя!”, “Айнар” тобының “Бір үйдің баласындай”, “Самғау” тобы әншілерінің “Егемен Қазақстан” атты әндері жүрегі елім, жерім деп соққан әрбір қызылжарлықтың көңіліне отансүйгіштік сезім ұялатып, мақтанышқа бөледі.
Тәуелсіздігіміздің тірегіне, елдігіміздің темірқазығына айналған еліміздің басты құжатын ұлықтау шарасына келгендердің қатарында Ата Заңның түйдей құрдастары да кездесті. Солардың бірі Абылайхан Қайроллаев – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. Ол өзі секілді өңір өрендерінің елжандылық қасиетін арттыру мақсатында Ата Заң жайында мәлімет берілген парақшалар таратты.
– Бүгінде еліміздің жастарының жан-жақты жетілуіне, ой-өрістерін дамытып, оқуға, ғылымды игеріп, өнерді білуге ұмтылуына барлық жағдай жасалған. Бұл егемендігімізді еншілеп, Ата Заңымызды қабылдағаннан кейінгі жетістігіміз деп білемін. Сондықтан да еліміздің ертеңгі бағбандары Конституциямызды қастерлей білулері қажет. Ол үшін Ата Заң айқындап берген айнымас ережелерімен жүруді әрбір өрен қасиетті парызына айналдырса болғаны, – деді ол.
Содан кейін мәре-сәре жұртшылық “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандары ұйымдастырған “Ата Заңым – айбыным” атты патриоттық әндер байқауын тамашалады. Сайысқа үмітін үкілеп келген тоғыз үміткер татулық пен тыныштықтың, достық пен ымыраның, бірлік пен берекенің бесігіне айналған ортақ Отанымыз – Қазақстан, Сарыарқаның даласында бой көтерген әсем Астана, халқымыздың дарқан даласы жайында әндер шырқап, өз шеберліктерін көрсете білді. Сайыс қорытындысында Жамбыл ауданының намысын қорғап келген Әйгерім Сәдуева байқаудың бас жүлдесін еншіледі. Оның орындауындағы “Қазақстан – тұрағым” әні – автордың төл туындысы. Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы мерекесіне арналған шығармасының шыңды бағындырғанына қуанған Әйгерім: “Жұдырықтай жүрегім еліме, байтақ жеріме байланбағанда менің көңілімнен мұндай ән тумас та еді. Сондықтан да бұл жеңіс менің емес, халқыма деген шексіз махаббатымның көрінісі”, – деді.
“Подарки” дүкенінің алаңында өткен “Бал фестивалі” мен “Күз сыйы” көрмесі де жиналғандардың көңілін көтеріп тастады. Ол жерлердегі бұйымдар мен өнімдер адамзаттың табиғаттан алатын таусылмас сыйын, несібесін дәріптегендей еді. Көздің жауын алатын алқызыл гүлдер мен сан алуан өсімдіктерден, жемістерден неше түрлі бұйымдар мен тағамдар жасаған жандардың терең қиялына таңданыс білдірдік. Айта кету керек, аталмыш көрмеге білім беру, денсаулық сақтау салалары және мемлекеттік қызметшілерден барлығы 120-ға жуық мекеме қатысты. Бұл көрменің аумағы жәрмеңкелік те сипат алған. Онда бағбандар мен саяжайшылар өз өнімдерін саудалап, қаумалаған жұртқа тауарларын ұсынды. Мамлют ауданының тұрғыны, “Сагаутдинов” жеке кәсіпкерлігінің директоры Ринат Сагаутдинов бал жинаумен бала кезінен айналысады. Омарташы “Карпатка” тұқымды араның елу жұбын ұстайды екен.
Омарташылардың биылғы дайындықтары да есте қаларлықтай болды. Өңірде тойланатын мерекелер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде төр бермейтін омарташыларға қарап, бұл кәсіптің жылдан-жылға жанданып келе жатқандығын фестивальда да аңғардық. Мерекені ұйымдастырушылар биыл екінші рет “Бал ханшайымы” байқауын өткізді. Үміткер қыз-келіншектердің киім үлгісі сайыстың негізгі ерекшелігі болды. Аралардың кейпінде сары қара жолақтан арнайы киім киген сайыскерлердің талғамы көрген кісінің көңілін аударды. Тіпті, бір тақырыпта осынша үлгіде киінуге болатынына иландырып, таң-тамаша қылды. Талапкерлер ерекше киімдерін көрсетумен қатар, өлең оқып, өздері әзірлеген тағамдарын ұсынды. Сөйтіп, биылғы жылдың “Бал ханшайымы” атағын Маргарита Страшко жеңіп алды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлері ұйымдастырған “Еліміздің басты құжаты” көрмесі, “Сені мақтан етемін, менің Қазақстаным!” фотоакциясы да жиналғандарды тәнті етті. Көрмеге қойылған кітаптар мен суреттердің негізгі кейіпкері еліміздің егемендік алып, айдай әлемге танылуына өзінің сарабдал саясатымен, болашақты болжағыш қасиетімен танылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарық көрген туындылары болды. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі еліміздің жеткен жетістіктері және алдағы жоспарлары да қалыс қалмаған.
Өңір аудандарының этномәдени бірлестіктері өкілдері мен облыс өнерпаздары бақ сынасқан “Салт-дәстүр” фестивалі Тәуелсіздік стеласы маңында ұйымдастырылды. Өнерпаздар екі аталым бойынша сынға түсіп, шығармашылық мүмкіндіктерін паш етті. “Күмбірле, домбыра, ойна, сырнай” және “Көркемөнер кәсібі” аталымдарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар арнайы сертификаттарға және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Қазақстан Конституциясы күні облыстық филармония өнерпаздары ұйымдастырған мерекелік концертпен тамамдалды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсіргендер
Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
Талғат ТӘНІБАЕВ.