Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның жалпы егін алқабы 720 мың гектардай. Оның 605 мыңына – дәнді, 42 мыңына майлы дақылдар себілген. Бірінші қыркүйектегі мәлімет бойынша 81,5 мың гектар алқаптың егіні дестеге түсіріліп, 82 мың тонна астық жиналған. Әзірше гектар берекелілігі 12 центнерден айналуда. Осы күнге дейін 6 мың гектар жердің майлы дақылдары жиналыпты.
Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары “АЗКО-Пески” ЖШС-нің егін алқабын аралаудан басталды. Аталмыш серіктестік биыл 12 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңіріп, соның бір мың гектардан астамын дестеге түсіріпті.
“Новоишимская Нива” ЖШС мен “ДантО” ШҚ-ның егін алқаптарында да дәнді дақылдар орылуда. Агроқұрылымдар егіннің биыл жақсы шыққанын атап айтады. “Нежинка-Ерке” серіктестігі де егіннің оннан бір бөлігін жинап алып, 158 тонна астық бастырыпты.
– Аудан орақ науқанында көш бастап келе жатса да, егін жинау қарқынын бәсеңсітуге болмайды. Өткен жылдың тәжірибесі биылға сабақ болуға тиісті, – деді Ерік Хамзаұлы.
Сапар барысында өңір басшысы “Намыс” серіктестігінің репродуктор шаруашылығына арнайы соқты. Онда қара малдың 240 бас герефорд тұқымы өсірілуде. Шаруашылықтағы мал басы қысқа қарай көбейе түспек.
“Агро-Есіл” ЖШС 300 бас қазақтың асылтұқымды ақбас сиырын сатып алуды жоспарлап отыр. Серіктестікте бордақылау алаңы дайын тұр.
Облыс әкімі аудандағы оқу орындарында да болып, олардың қысқы жылыту маусымына әзірлігіне назар аударды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.