Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда заманауи шағын элеватор пайдалануға берілді. “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын элеваторының сыйымдылығы – 5000 тонна. Астық қабылдау қосынының кептіргіші тәулігіне 22 тоннаға дейін бидайды өткізе алады. Бүкіл қондырғылар компьютерлендірілген және операторлық бөлмеде орнатылған пульт арқылы басқарылады. Аталмыш бөлмеде зертхана да орналасқан. Сонымен қатар, “Петкус” фирмасының өнімділігі сағатына 50 тонна болатын астық тазарту қондырғысы орнатылды. Бұл тұқымдық және тауарлық бидайды жоғары сапаға жеткізеді.
Шағын элеватордың орақ уақытында ашылуы аса маңызды. “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Малаев бидайды қайта өңдеу базасы өнімді жинау уақытын және пайдаланылатын көлік санын қысқартуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Себебі, енді бидайды шаруашылықтан қашықта орналасқан астық қабылдау қосынына тасымалдамайды.