Облыс әкімдігі өңірімізді қантпен қамтамасыз етіп отырған ірі фирмалармен баға жөнінде келісім жасаған болатын. Содан бері, дәлірек айтсақ, аптаның бірінші күнінен бері өңірдегі сауда орындарында қанттың көтерме бағасы – 165 теңгеден, бөлшек саудада 170 теңгеден асырылмауға тиіс. Осы шараның орындалу барысын тексеру мақсатында қалалық әкімдік жанынан құрылған жедел штаб өкілдері облыс орталығындағы бірнеше сауда орындарына рейд жасады.
Петропавлдағы сауда дүңгіршектеріне көтерме бағамен қант сататын үш кәсіпкер бар. Солардың бірі – “СКБ Север” фирмасы шаһардағы біраз дүкендерді қантпен жабдықтайды. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Евгения Сальникованың айтуынша, бүгінге дейін бұл көтерме сауда орталығы 8 тонна тауарды 165 теңгеден өткізген. Қалада қант жеткілікті.
Қантқа қатысты келісім талаптарының орындалу барысын тексере шыққан қызметкерлер Интернационал көшесінде орналасқан “Нан плюс” дүкенінде де болды. Ондағы қанттың бағасы – 170 теңге. Сатушы Светлана Селярина қанттан тапшылық жоқ екенін, күніне шамамен 200-250 килиограмм тауар өткізіп жатқандарын жеткізді. Екінші тексерілген нысан – “ЦУМ” супермаркетіндегі баға да тұрақты. Сонымен қатар, бұл сауда орнында сатып алушылардың сұранысы бойынша тағы бірқатар тауарлардың бағасы төмендетілген. Мәселен, қарақұмықтың бағасы арзандатылып, оның бір килограмы 158 теңгеден сатылуда. Аталмыш сауда үйінің директоры Маргарита Бапанова тұрғындар қанттың бағасы шарықтап кетеді деген ойдан аулақ, күніне бір қолға бір-екі килограмм ғана сатып алып жатыр, деді.
Рейдке шыққандар тұтынушылармен де әңгімелесті.
– Көршілерім қанттың бағасы қымбаттады деп у-шу болды. Жүгіріп осында келдім. Соншалықты дүрлігетіндей ештеңе жоқ. Жаздың ортасында сатылған бағаға 10 теңге ғана қосылған, – дейді қала тұрғыны Любовь Каракозова.
Штаб мүшелері “Көктөбе” сауда үйінде де болды. Мұнда да жағдай бір қалыпты.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
журналист.