Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Қарағаш атты кішкентай ауылында дүние есігін ашқан сәбидің кейін еліміздің химия саласында талай жаңалықтар ашар ғалым болатынын бір Алладан басқа ешкім болжап білмеген болар.
Үшінші сыныпты қазақша аяқтаған баласын әкесі Хамит Көкшетау қаласындағы №1 мектепке береді. Әке үмітін ақтап, мектепті жақсы аяқтаған Қыдырма Тоқмурзин 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін тамамдайды. Талапты түлекті ұстаздары өзі оқыған білім ордасында аспирантураға алып қалады. Қыдырма Хамитұлы ғылым жолына осылай келеді. Бес жылдан соң кандидаттық диссертациясын қорғаған жігіт Гурьев педагогикалық институтының химия кафедрасында, Қазақ КСР Ғылым академиясының мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының зертханасында, Қазақ мемлекеттік университетінің органикалық химия кафедрасында меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының мұнай химиясы және табиғи тұздар институтында директор болды. 1990 жылы докторлық диссертация қорғап, бес жылдан соң Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. 1998 жылдан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті органикалық химия және жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі, профессоры.
Ғалымның айтуынша, отандық ғылыми еңбектерін тәжірибеге енгізу арқылы қазақстандық мұнай өндірісін әлдеқайда жеделдетуге болады. “Ең алғашқы жаңалығымды органикалық қос байланыстың қабілеттілігін зерттеуге арнап, азот, күкірт қосылыстарын алудың жаңа әдістерін таптым. Оны сабын, су сабындар алумен қатар, мұнай өндірісінде, құрылыс салаларында тотығуды баяулатқыш ингибиторлар ретінде қолданады. Ол затты жол құрылысы кезінде қиыршықтас пен битумның тұтасуын жақсарту, асфальттың аязға, суға, тағы басқа табиғи құбылыстарға төзімділігін арттыру үшін пайдаланады, – деген Қыдырма Тоқмурзин жаңа өнімге “Пэпарм” деген атау берілгенін айтты. Ол өндіріске енгізілген. Өндірістік-тәжірибелік жұмысты Соколовка аумағында жүргізген. “Пэпарм” деген сөздің өзі оның құрамына енетін заттардан шыққан. “Ол полиэтилен-полиамин деген сөздерден құралған. РМ өсімдік майы деген сөзден алынған. Яғни, “Пэпарм” затын бөлме температурасында өсімдік майы қышқылын полиэтилен-полиаминмен қосу арқылы аламыз. Қазіргі кезде жол битумдық “Пэпарм” ерітіндісін “Тек Ойл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіреді. Ол Қазақстанда автомобиль жолдарының құрылысында кеңінен қолданылады”, – дейді ғалым.
Химия ғылымдары докторының айтуынша, мұнай өндірісіне негіз ретінде жергілікті шикізат – өсімдік майының қалдығы пайдаланылады. Ғалым осы майлардың негізінде тотығуға қарсы тұратын ингибиторлар, эмульгаторлар мен бактерицидтердің бірнеше түрін алудың қарапайым әдісін тапқан. Оларды мұнай өндіру кезінде пайдаланатын темір қондырғылардың тотығуын баяулатуға қолданады. Өйткені, мұнай жерден шыққанда оның құрамындағы су, тұз, ауа, күкіртсутегі, тағы басқа қышқылдар мен заттар темірді жеп тастайды. Сондықтан оған тотығуды баяулатқыш затты (ингибитор) қосса, ол жабдықтардың бұзылуын тежейді. Қазір сол ингибитор мұнай саласында кеңінен қолданылады. Бірақ бүгінгі күні Қазақстанда ондай ингибиторларға сұранысты шетелдерден қымбат бағаға әкелінген еріткіштер басып отыр. “Біз “Пэпарм” затын бөлме температурасында өсімдік майы қышқылын полиэтилен-полиаминмен қосу арқылы аламыз. Ал ресейлік “Нефтехим” реагенті мұнай өнеркәсібінде коррозия ингибиторы ретінде қолданатын затты алу үшін қоспаны алты сағат бойы 200-260 градус температураға дейін қыздырады. АҚШ-та да осы сияқты. Бұл жағынан келгенде біздің затымыз бәсекеге қабілетті”, – дейді Қыдырма Хамитұлы.
Мұнай саласына “бактерия” ұғымы жаңадан енген. Мұнайды жердің астынан өндіру үшін астына су жібергенде онымен бірге бактериялар да кіреді. Реакция салдарынан улы әрі мұнайды бүлдіретін иісті зат – күкірт-сутегі бөлінеді. Қыдырма Хамитұлы бактерияларды жоятын, бұған дейін қолданылып келген бактерицидтерден сапа жағынан артық әрі арзан, қалдықсыз өндіруге болатын бактерицид, ингибитор, эмульгатор сияқты бірнеше зат тапқан.
“Бұрын фенолдарды бір бөлек, аминдерді бір бөлек қолданып келдік. Енді мен ол екеуін бірге қостым, нәтижесінде оның сапасы бұрынғы биологтардың зерттегенінен әлдеқайда артық болып шықты. Оны алу жолының патенті бар. Бірақ оны өндірістік тәжірибеден өткізе алмай отырмыз. Біздің елімізде өндірістік тәжірибе жасайтын жер жоқ, қаражат бөлінбейді. Бұрын барлығын Ресей зерттейтін, қазір ол тоқтатылды. Біздің алған затымыздың белсенділігі өте күшті. Тапқан жаңалығымыз шетелдікінен еш кем емес, ол заттар химиялық жағынан қорғалды, бірақ оның қолданысы қорғалған жоқ. Оның жасалуы, зерттелуі өз алдына, өндіріске өткізу одан да қиын болып тұр. Сондықтан оның бәрі қағаз жүзінде тұр. Ол өндірістік тәжірибелік сынақтан өткізілсе, Қазақстанға әкелер пайдасы мол, аса қажет зат. Оны шетелдерге де сатуға болады”, – деп қиыншылықтарын да алға тартты ғалым.
Бұл қарапайым технологияға ғалымдар өздері ашқан “Органикалық қоспалардағы функционалдық топтардың өзара әсер ету нәтижесі” негізінде қол жеткізген. “Органикалық химияда индуктивті, мизомерлік және стериялық деген үш эффект бар. Мен төртінші функционалдық топтардың өзара әсер ету нәтижесін де зерттедім. Ондағы ашқан жаңалығым “ЭКСПО – 2017”-ге энергия жұмсамайтын айналым ретінде ұсынылмақ”, – деген профессор: “Біздің ашып отырған жаңалықтарымыз – нағыз ХХІ ғасырдың инновациялық технологиясы. Өйткені, оны алу әдісі жаңа, қарапайым, қалдықсыз, энергияны және ресурсты үнемдейді”, – деді.
Қыдырма Тоқмурзин Ресейдің Мәскеу мемлекеттік университетінде өтетін Кеңес Одағының атақты академик ғалымы Косттың 100 жылдығына арналған дүниежүзілік конференцияға шақырту алған. “Онда мен өзімнің алдыңғы және төртінші функционалдық топтардың өзара әсер ету нәтижесінде алынатын реакциялар бойынша ашқан жаңалықтарымды ортаға салмақпын. Өйткені, бұл реакцияны кезінде Кеңес Одағының белгілі академик ғалымдары Кост пен Терентьев түсіндіре алмаған”, – дейді Қыдырма Хамитұлы.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
