Қартайса да, қаламы мұқалмаған Қайролла Мұқанов ағамның еңбекқорлығына қайран қаламын. Тоқсанға иек артса да, қол қусырып отырып қалмай, түрлі тақырыптарда мақалалар, зерттеулер жазып, редакциямен байланысын үзбейтініне риза боламын. Осының айғағындай, ағай жақында жамиғатқа жағымды бір қомақты іс тындырған екен. Атап айтқанда, өзінің көпжылғы ұстаздық еңбегінің жемісі ретінде орыс тілінде облысымыздағы білім беру саласының тарихына бойлататын еңбек жазып, жариялады.
Қайролла Мұқанұлының бүкіл педагогикалық еңбегі оның осындай кітап жазуын ақтайды. Өйткені, ол – қатардағы ұстаз емес, өңіріміздің білім беру саласының басшылығының тізгінін ұстаған, ондағы істерді ұйымдастырушының бірі болған маман. Зерттеудің құндылығы сонда, ол осы саланың өңірімізде іргетасын қалаған күнінен бастап, дамып, қалыптасқан бүгініне дейінгі деректерге толы.
Зерттеуші ұзақ жылдар бойы өзінің қолында жинақталған деректерге, сонымен бірге мұрағаттардан сүзіп алған материалдарға негізделген облыс білім беру саласы тарихының шежіресін, осы жүйенің әр жылдардағы басшыларының ғұмырнамаларын, атқарған істерін алға тартады.
Үш бөлімнен тұратын еңбектің алғашқысы облыстың әкімшілік-аумақтық бөлінісінің 1917 жылдан басталған тарихын баяндайды, ал екіншісі өңірімізде білім беруді басқарудың қалыптасуы мен дамуын алға тартады. Соңғы бөлімі зерттеушінің өзінің көзі көргендеріне негізделген оқиғалар жайында сыр шертеді.
Мысалы, өз басым Қ. Мұқановтың бұл еңбегі есімдері елімізге де, өңірімізге де белгілі педагог қызметкерлердің өмірдеректері қажет етіле қалған жағдайда қол астыңдағы таптырмас дәйек көзі дер едім. Өйткені, “Облыс мектептерінің үздік басшылары”, “Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімдерінің тізімі”, “Ордендермен, медальдармен марапатталған мұғалімдер” сияқты дайын дәйектер тайға басылған таңбадай табыла кетеді екен.
Осы кітапты ұсына отырып, зерттеуші шағын да шымыр «Соңғы сөзінде» білім беру саласының егемен еліміздің ертеңгі ұрпағы – жастардың танымы мен білімділік деңгейінің биіктеуіне үлкен маңыз береді. Елдің ертеңі осындай жан-жақты жетілген тұлғаның қолында екеніне ризашылығын пайымдайды.
Аталған мақсатқа Қайролла Мұқанұлының, бір мысқал болса да, қосқан үлесі барын білетін оқырмандар, әсіресе, әріптестері, ізбасарлары көз жеткізіп, еңбектің айтарлықтай пайдасын пайымдайтыны сөзсіз.
Бір сөзбен айтқанда, ардагер ұстаздың шау тартқан жасына қарамастан, тындырған игілікті ісінің ризығын жас ұстаздар кәдесіне асырса, құба-құп.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.