Мен “Алтын алқалы” көпбалалы анамын. Балаларымның алды мектепке барады. Үйелмелі-сүйелмелі, бала-шағалы отбасыларға жаңа оқу жылына дайындалудың өзі үлкен бір сын екені, айтпаса да түсінікті жайт. Бүгінгі бағаның шарықтап тұрған заманында бір баланы мектепке жинап, керек-жарағын сатып әперуге әжептәуір қаражат кетеді. Осындай кездерде қайырымды жандардың азаматтылығы, көпбалалы отбасыларға көмек қолын созып, бір жағынан демеу болатыны көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Әрдайым ана мен балаға қолынан келгенше көмектесуге дайын тұратын алақаны ашық, жүрегі кең жандар жайында сөз қозғар болсақ, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жұмысын айтпауға болмайды. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, әке мен ананың мәртебесін көтеруді мақсат еткен қауымдастық жұмысы көңіл көншітерлік. 5 жылдан бері маған қолдау көрсетіп келе жатқан ұйымға дән ризамын. Аталмыш қауымдастық мен сияқты көпбалалы 35 отбасын өз қамқорлығына алған. Тек жаңа оқу жылының қарсаңында ғана емес, басқа да мерекелік шаралар кезінде ұл-қыздарымыз назардан тыс қалмайды.
Биыл қауымдастық мүшелері жас аналармен бірге ұйымдасқан түрде жәрмеңке өткізді. “Мектепке жол” акциясы аясында өткен шараға барлығымыз бір адамдай қатыстық. Өнерлі балалар ән мен жырдан шашу шашса, қолөнерге бір табан жақын аналар түрлі бұйымдар жасап, көпшіліктің назарына ұсынды. Ал одан түскен қаражатқа балаларға мектепке қажетті нәрселер сатып алынып, үлестірілді. Теңгенің айырбас бағамы еркіндікке жіберіліп, халық арасында біраз алаңдаушылық туған сәтте өзін ғана ойламай, өзгеге де қол ұшын беру адамгершіліктің бір белгісі. Қайырымдылық іс-шаралары арқасында жаңа оқу жылына жақсы дайындықпен бардық. Бала үшін осының өзі бір қуаныш емес пе?!
Ана мен баланың тілегін тыңдап, қолдарынан келгенше көмек беріп жүрген осындай азаматтар қатары қалыңдай түссе, құба-құп.
Аналарды қоғамдық жұмысқа жұмылдырып, өз кәсібін ашуға бағыт-бағдар беріп, жан-жақты қолдайтын осындай қауымдастық тек қана Петропавл қаласында ғана емес, аудандарда да жұмыс істейді.
Аталмыш қауымдастықтың төрайымы Бақытжан Сәмиеваның ұсынысы бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын “Аялы алақан” әлеуметтік дүкенінің ашылғаны да игілікті шара болды. Кейбір алыс-жақын аудандардан әлеуметтік дүкенді әдейі іздеп келетін аналар да бар. Бұл – әлеуметтік дүкендер қатарын көбейту керек деген сөз. Аудандармен қатар, облыс орталығының өзінде де бірнеше жерде ашылса, барып тұруға ыңғайлы болар еді. Барлығын тегін алуға болатын осындай дүкендердің де көпбалалы отбасыларға тигізіп отырған шарапаты мол. Дана қазағымда “Адамның күні – адаммен” деген жақсы сөз бар емес пе? Бір-бірімізге көмектесіп, қамқор болып, сөзбен де, іспен де жақсылық жасауға ұмтылсақ, өміріміз одан сайын көркейе түспей ме? Қиыншылықтың барлығы уақытша. Өтеді де, кетеді. Ал жақсылық еш уақытта ұмытылмайды.
Сәуле ҚАБДУЛМАНОВА,
“Алтын алқа” иегері.
Петропавл қаласы.