
“Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар” – деп, ұлы Абай бекерге айтпаған ғой, өнердің құдіреті шексіз. Той-думанның, салтанат атаулының ән мен жырсыз сәні келмейтіні де содан шығар-ау?!
Бірақ, “әннің де естісі бар, есері бар” дегендей, жылтырағанның бәрі алтын емес қой. Оның үстіне мерекеден-мерекеге өзгермейтін репертуар, сол сияқты, бір әнді қайталап айта беретін орындаушылар тыңдаушысын баурай алмайды, керісінше, мезі етеді. Арзанқол өнер ешкімді таңдандырмайды, тамсандырмайды. Содан ба екен, соңғы кездері әріптестеріміз “шара соңы концертке ұласты” деп қысқа қайыра салатын болып жүр. Ал ойлап отырсаңыз, әр концерттің сыртында қаншама адамның төгілген маңдайтері мен ізденісі, елемеуге болмайтын еңбегі жатыр.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры – Ата Заңымыздың 20 жылдығына орай Қызылжардағы Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен салтанатты шарада өңір өнерпаздарының, өнер шеберлерінің десек те артық емес, жұртшылыққа тарту еткен тамаша концерті үстінде осындай ойларға берілдім. Осы кеште шырқалған әсем әннің, күмбірлеген күйдің залда отырған әр солтүстікқазақстандықтың жүрегіне шуақ болып құйылып, ерекше қуанышқа бөлегені анық. Біздің өңірде жергілікті өнерпаздардың күшімен бұрын-соңды нақ осындай концерт ұйымдастырылды ма, жоқ па, оны дөп басып айта алмаймын. Осы концерт өнердің қасиетті де ардақты, тағылымды, мың құбылып сөйлеген тілден гөрі “Құлақтан кіріп, бойды алатын” әннің өсиеті мен өнегесі зор екенін, өз заманында Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай сынды өнер жұлдыздарын бесігінде тербеткен Қызылжар топырағында бүгінгі таңда да небір таланттардың қаулап өсіп келе жатқанын анық аңғартты.
“Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” (Шәкәрім). Мерекелік концерттің есте қаларлық ерекшелігі, өнердің нағыз хас шеберлерінің іріктелуінде, олардың бабында болуында ғана емес, бағдарламаның үйлесімінде, мақсатының Ата Заң мұратымен астасып жатуында десем, қателесе қоймаспын. Еліміздің, оның ішінде біздің өңірдің тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолы, көтерілген биігі өнер тілімен өрнектелді бұл күні. Еліміздегі қызғалдақтай құлпырған достық, ынтымақтастық, бірлік пен береке ән мен жырдың арқауына айналды. Ата Заңымыздың алтын діңгегі де осылар емес пе?! Не керек, бұл күні облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикенев бастаған өнер саңлақтары аянып қалған жоқ.
Еліміз, іргесі шайқалмайтын татулықты, ұлтқа бөлініп ұрандамайтын ынтымақты егемендіктің туын тіккен балдырған шағынан Айдай әлемге паш етіп келеді. Осынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбітшіліктің, келісім мен достықтың алауы лаулаған тұрмысымыз әр ұлттың ұл-қыздары шырқаған әндерден, мың бұралған билерден атойлап тұрды.
Бауырмалдық, отаншылдық, елжандылық, айта берсең – небір жақсылық ән мен күйден тамыр тартты. Өңірімізге әйгілі әнші Надежда Косыгина орындаған “Мой Казахстан”, Әділ Сәлімовтің “Забияки” балалар студиясының осы аттас ән-би тартуы, Қызылжар аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының “Қазақстаным – елім” әні қандай әсерлі шықты десеңізші! Осы әнді қазақ тілінде ұлты басқа өнерпаздар шырқағанын айту да бір ғанибет.
Салтанатты шараның өнер шашуын түйіндеген “Жерім менің” әнін концертке қатысушылардың барлығы ортақ бір әуенмен орындауы жүректі толқыта түсті. Осы орайда өнер тартуын жасауда нағыз шебердің қолтаңбасы танылып тұрғанын аңғармай қоймайсың. Жоғарыда Р.Бикеневті тектен-текке ауызға алмағанымызды оқырман енді түсінген болар. Осы концерт арқылы ол өзінің нағыз майталман екеніне көз жеткізді. Осылай оның тікелей басшылығымен қойылған сәтті концерт әдетте көзден таса, назардан тыс қалатын мәдениет қызметкерлерін де шынайы қошеметке бөледі.
Браво, Рустам!
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.