Облыстық әкімдік аппаратының кеңесінде әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерінің бағалары бойынша қазіргі ахуал, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің оқыс оқиғалардың алдын алу мәселелері және облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуы қаралды.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек тамақ өнімдерінің бағалары жайында баяндады.
Сауда нүктелеріндегі бағаны бақылау жалғасуда. Әзірге жағдай қалыпты, тамақ өнімдерінің бағалары негізсіз көтерілмеген. Кейбір өнімдердің бағалары түскені байқалады. Атап айтқанда, көкөніс арзандаған. Пияздың көтерме бағасы – 50-55, сәбіздікі – 75-80, картоптікі – 40-45, қырыққабаттікі 60-65 теңгені құрайды. “АИ-92” маркалы бензиннің (108 теңге), “АИ-80” (89 теңге) және дизель отынының ең шекті бағалары сақталуда.
Орталық Азия қант корпорациясының ақпаратына қарағанда, 24 тамыздан бастап қанттың бағасы 18 пайызға өсіп, бір килограмы үшін 165 теңге болды. Облысымызға қант жеткізумен айналысатын үш оператор (“Солтүстік” ӘКК, “СКБ Север” ЖШС-і және “Инсар” ЖШС-і ) жаңа бағалар бойынша тауар құнын төледі.
“Инсар” ЖШС-іне бір вагон қант (68 тонна) келіп түсті. Көтерме бағасы – 175 теңге. Бөлшек саудада жүзеге асыру бағасын бір килограмы үшін 185 теңге белгілеу көзделуде, деді Айдын Жанұзақұлы.
Ерік Сұлтанов бағаға мониторингті одан әрі жалғастыруды, бұл ретте қанттың бағасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Қанттың бір килограмының бөлшек саудадағы бағасы 185 теңгеден аспауға тиіс, – деді Ерік Хамзаұлы.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Әсет Ысмағұловтың баяндамасында елді мекендерді өрттен қорғауға ерекше көңіл бөлінді.
Облыс әкімі департамент басшылығына өңірімізде ерікті өртке қарсы құрылымдарға қатысушылардың қатарын ұлғайтуды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.