Бейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тайынша ауданында болып, маусым айында салына бастаған қазақ орта мектебінің құрылысымен, орақ науқанының барысымен және мал шаруашылығын дамыту жағдайымен танысты.
Жаңа мектеп құрылысы келесі жылы аяқталады
Облысымызда үш ауысыммен оқитын және апатты жағдайда жұмыс істейтін 4 мектеп бар болатын. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылындағы және Мамлютка қаласындағы апатты мектептер биыл жаңа ғимаратпен алмастырылса, екі қазақ мектебі келесі жылы іске қосылады. Солардың бірі өңір басшысы арнайы ат басын тіреген Тайынша қаласында салынуда.
Осынау толғағы жеткен құрылысты облысқа танымал “Основание” ЖШС қолға алыпты.
– Бұл ауданда бірінші рет жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Осыдан екі жыл бұрын балабақша салғанбыз. Жергілікті тұрғындар асыға күткен мына құрылысты маусым айында бастадық. Мектеп ғимаратына бөлінген 3 гектардай аумақ қара топырағы қалың, тамаша жер екен. Жауған жауын бізге бөгесін болып жатқан жоқ. Жылжымалы кранды бөгетсіз орнатып, жұмысқа қауырт кірісіп кеттік. Іргетасын қалап болып, қабырғаларын силикат және қыш кірпіштерден тұрғызып жатырмыз. Су құбыры мен кәрізді, электр желісін кедергісіз тартып үлгердік. Қазіргі кірпіш қалау жұмыстарында серіктестіктің – 30, жергілікті жердің 15 адамы еңбек етуде. Екі қабаттан тұратын 300 орындық мектеп ғимаратының келісім сомасы – құрал-жабдықтарды қоса есептегенде 930 млн. теңге. Биылға бөлінгені 400 млн. теңге болса, бүгінгі күні соның 123 млн. теңгесін игердік. Жыл соңына дейін қалған соманың жұмыстары атқарылады, – деді облыс әкімін құрылыс жұмысының барысымен таныстырған серіктестік директоры Сергей Тимофеев. Сергей Петровичтің айтуына қарағанда, құрылысқа Көкшетаудың қыш кірпіштері, Түменнің силикат кірпіштері, Петропавлдағы “Единство” ЖШС-нің темір-бетон бұйымдары, жергілікті қиыршықтас пен құм пайдаланылуда. Жұмыс кестесі бойынша осы айдың соңына қарай ғимараттың шатыры жабыла бастамақ. Сол кезде құрылысшылар саны да көбейе түспек.
– Бұл мектеп келесі оқу жылына дейін пайдалануға берілуге тиіс. Біз сол кезде облыстағы проблемалы мектептердің мәселесін түбегейлі шешетін боламыз. Істеріңізге сәттілік тілеймін! – деді құрылысшылардың қарқынына көңілі толған Ерік Хамзаұлы.
Орақ – екпінді майдан
Аудандағы орақ науқанының барысымен танысуды Ерік Сұлтанов “Вишневское” ЖШС-нің егін алқабынан бастады. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Руслан Құлбаевтың айтуынша, Тайынша ауданы биыл 674 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар еккен, оның 440 мыңы – дәнді-дәнді бұршақты, 98,8 мыңы – майлы дақылдар. Аудан биыл екінші жыл 17 мың гектар алқапқа бұршақ тұқымдас жасымық сеуіпті. 3 қыркүйектегі мәлімет бойынша 66 мың гектардың (15%) егіні дестеге түсіріліп, 43 мың гектардың (10%) астығы бастырылған. Осы кезеңде жаңа орақтың 5 мың тонна өнімі элеваторларға жөнелтілген. Күзгі жиынтерімге 1033 комбайн қатысуда. Бұл күндері картоп пен көкөніс жинау, мал азығын дайындау қатар жүргізілуде.
Облыс әкімі “Вишневское” ЖШС-нің егін алқабында аудандағы агроқұрылымдардың басшыларымен кездесіп, жауапты науқанды қалай жүргізіп жатқандықтарын сұрап білді. Олар жанар-жағармайдан ешқандай тапшылық жоқ екендігін, жұмысты жағдайға қарай екі ауысыммен ұйымдастырып жатқандықтарын айтып берді.
Егінді тура жинап көріп едік. Арасында аз-мұз жасыл сабақтар болғандықтан, алған өнімнің ылғалдылығы 29-30 пайызды көрсетті.
Сондықтан дестеге түсіруге мәжбүр болдық. Кеше түнде шық түскен жоқ. Соған орай тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істедік. Екі ауысыммен жұмыс істейтін механизаторларымыз бен жүргізушілеріміз жеткілікті, – деді “Вишневское” ЖШС-нің директоры Павел Рафальский.
– Қарқындарыңыз жаман емес. Алайда, өткен жылдың ащы сабағын ұмытуға болмайды. Сондықтан ауа райын тиімді пайдалана отырып, күні-түні еңбек еткендеріңіз жөн. Күздің бір күні жылға азық екенін сіздер жақсы білесіздер, – деді тайыншалық агроқұрылым басшыларына Ерік Хамзаұлы.
“Вишневское” ЖШС-нің егістік алқабы 30889 гектарды құрайды екен, оның 14839-ына – бидай, 500-іне – арпа, 5858-іне – майлы дақылдар, 1959-ына – жасымық, 5669-ына жемазықтық дақылдар сеуіпті. Солардың 4146 гектарын дестеге түсіріп, 500 гектарын бастырыпты. Осы уақытқа дейін 2571 тонна шөп әзірленген. Ораққа 12 комбайн, 2 өздігінен жүретін жатка, 2 тіркемелі жатка қатысуда.
Ерік Хамзаұлы сапар барысында осы шаруашылықтың жасымық жинап жатқан алқабына да соқты. Дала басына 30-35 тонналық 2 “Джон-Дир” жинақтаушы-бункері қойылыпты. Комбайндар мен астық тасымалдайтын қос қорапты көліктердің тұрып қалуы деген мұнда тіптен жоқ. Әзірше гектар басы 12-14 центнерден өнім жиналып жатқан көрінеді. Күннен-күнге оның өсе түсетіндігін баса айтады жергілікті басшылар.
Агроқұрылым мал шаруашылығымен де айналысады. Жайылымдықтағы 1383 малдың 444-і – ангус тұқымды да, 906-сы – қазақтың ақ бас сиырлары. Серіктестік жыл басынан бері 45 тонна ет өндіріпті.
Облыс әкімі Вишневское ауылында мал бордақылау үшін дайындалып жатқан алаңда да болды.
– Бұл жерге қысқа дейін 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынады. Оған қажетті материалдар мен оны жүзеге асыратын мердігер әзірленіп қойылған. Алдағы уақытта мәрмар етті Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеуге экспорттау жайында келісім жасап та қойдық, – дейді Павел Рафальский.
Осы жолы өңір басшысы “Победа-Тайынша”, “Степноишим тәжірибе станциясы” ЖШС-лерінің шабындықтарында да болып, орақ науқанының барысымен танысты, диқандардың игілікті істеріне табыс тіледі.
Сапар соңында Ерік Сұлтанов Келлеровка ауылындағы “Арбат АС” ЖШС-і сүт өңдейтін зауыт салып жатқан өндіріс орнына соқты. Серіктестік директоры Зәмзәгүл Қаппасова кәсіпорын үшін “Милана” сауда үйінің бос тұрған екіқабатты ғимаратын қайта жабдықтап, оған Түркияның құрал-саймандарын орнатып жатқандығын, күн сайын 5 тонна сүттен сүзбе ірімшік шығаруды мақсат етіп отырғандығын айтып берді. Зауыт қазан айының бірінші онкүндігінде іске қосылып, 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.