«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСАҒАҢ

Өмірге небір жақсылар мен жайсаңдар келеді. Мәңгілік емес өмірдің өлшеулі мезеті жеткенде мәңгілік сапарға аттанады. Бұл да – өмірдің заңы. Ұлы Абай айтқандай, “Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер”…

Баяғыдай көрініп, көзден кеткенмен, көңілден өшпейтін бір азамат – марқұм Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин еді. Оның бұрынғы Сергеев ауданының бірінші хатшысы қызметін атқарған жылдары шаруашылықтың қат-қабат жұмыстарымен жедеғабыл тұрғындардың мәдени-әлеуметтік мәселелерін шешуде аянбай тер төккенін онымен қызметтес болған азаматтардың қай-қайсысы болмасын, есінен шығара алмайды.

Осы жылдарда Есағаң Сергеевка қаласының құлпырып, көрер көзге сүйік боларлықтай кескін-келбетін ажарландыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Марқұм топырақтан тысқары болса, алдымыздағы жылдың 10 наурызында 90 жасқа толар еді. Амал нешік, елағасы 2000 жылы кенеттен өмірден озды.

Алайда, артында ел-жұрт сүйсінерлік ісі де, ізі де қалған Есім ағаны ауданымыздың оның тәлім-тәрбиесін көрген, қызметтес болған көзі тірі қарттары, ізбасар інілері аруағына ілтипат етіп, еске алу күнін өткізді.

Оған 1976 жылы 50 жасында Социалистік Еңбек Ері атағы берілген еді. Қазір ағаның атында Сергеевка қаласында орта мектеп бар. Есағаны еске алушы азаматтар, көпшілік осы мектептің екінші қабатында орналасқан мұражайын аралап, ондағы жәдігерлермен танысты.

Еске алу мектепте өткендіктен, осы оқу орнының мұғалімдері де белсенділік танытты. Мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болғандықтан, Есім ағаның өмір жолына, атқарған қызметіне қысқаша тоқталып, әңгіме тиегін ағытуға жол ашып бердім. Атап айтқанда, сол кездері аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеген Сәбит Рамазанов Қостанай қаласынан Есім ағаға арнайы мәрмәр ескерткіш тақта әкелгенін айтып, көпшілікке көрсетті.

Ағаның басшылығымен кеңшарлар басқарған Бекет Жүсіпов, Манабай Үмітбаев, “Қазақ ауылшаруашылық техника” бірлестігінің аудандық бөлімшесінің бастығы болған Қабдөссалам Шәріпов, терапевт дәрігер Болат Құсайынов, партия қызметкерлері Аманжол Ғаббасов, Зарап Құрманқұлов, Самат Ғабдуллин Е.Шайкиннің ерен еңбегін, адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті.

Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Жанғожинов Есім аға бастаған игі істердің жалғасын табатындығын, қаланы абаттандыру жаңа қарқынмен жүріп жатқанын ортаға салса, мектеп директоры Әлия Әміренова Еңбек Ерінің өмірін, ерен істерін жас ұрпаққа үлгі етіп, тағылым дарыту жолындағы ұлағатын оқушылардың зердесіне құйып жүрген ұстаздар еңбегін айтты.

Есім аға аудан тұрғындарының мәдени өрлеуіне үнемі зер салып отырушы еді. Оған осында құрылған “Ақбидай” ұлт аспаптары ансамблі айғақ. Бұл өнер ұжымы 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы мәдени шараларға қатысып, спортшылар мен меймандарға өнер тартуын жасағаны естен кетпейді.

Кездесуден соң ынталы топтың мүшелері Жамбыл ауданындағы Есім Шайкин жерленген Ортақшыл ауылының зиратына барып, оның үлкен ұлы Нұртас Есімұлымен бірге осындағы ескерткішіне Сергеевка азаматтарының атынан мәрмәр тақта орнатты.

Аудан мешітінің имамы Шопан қажы Жолкенұлы марқұмға арнап Құран бағыштады. Еске алу соңында Жамбыл ауданының Баян ауылында ас беріліп, аят оқылды.

Сөз соңында айтарымыз, біз Есім Шайкиннің туғанына 90 жыл толуына арнап ол туралы кітап шығаруды ұйғарып отырмыз. Ағамен жақын араласқан, шапағатын көрген адамдар естеліктерін 2015 жылдың 1 қарашасына дейін Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесіне жолдаса, құба-құп болар еді.

Тұрар ОРАЗАЛИН,

аудандық ардагерлер кеңесінің

төрағасы.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp