7 қыркүйектегі мәлімет бойынша облыста 3210 мың гектар бидайдың 834,7 мыңы жиналды, бұл егістік алқаптың 26 пайызын құрайды. Осы кезеңде 1151,8 мың тонна астық жиналды, орташа гектар берекелілігі 13,8 центнерден айналуда. Бидаймен қатар арпа және майлы дақылдар жиналып, пішендеме дайындалуда.
Орақ науқанына 9 мыңнан астам комбайн қатысуда. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері қолда бар техникаларды жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстарын дер кезінде жүргізді. Жыл басынан бері агроқұрылымдар жалпы сомасы 6,3 млрд. теңгеге 500-ден астам жаңа техника сатып алды, олардың 68-і – комбайн, 30-ы – жатка.
Орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет 73 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді.
Жаңа орақтың астығын қабылдауға 53 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны әзір етілді, оларға 3,4 млн. тонна астық сыяды. Бұдан басқа ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде сыйымдылығы 3 млн. тоннадан асатын қоймалар бар. Сөйтіп, облыс 6,5 млн. тонна астық сақтай алатын болды.
Соңғы үш жылда облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 315 мың тонна болатын 21 элеватор мен астық сақтау кәсіпорындары пайдалануға берілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.