«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛДЫҚТЫ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАТЫП …

Еңбекпен шынығып, өзінің табысын маңдай терімен табатын, не істесе де, жанын салып істейтін кәсіпкерлердің бірі – Талғат Галеев. Ол алғашқылардың бірі болып Петропавл қаласында машина дөңгелектері қалдығынан резеңке жамылғылар шығаруды қолға алды.

“Soltustik Rubber Recycling” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс цехында болып, жұмыс ырғағымен таныстық. Бұл бұрын-соңды біз естіп-көрмеген жаңалық. Біле білген адамға машина дөңгелектері қалдықтарынан өнім өндіру оңай шаруа емес. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы жоба іске асырылып, цех жұмысын жандандыруға 55 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталмыш серіктестік басшысы Талғат Галеевпен сөйлескенімізде, ол өндіріс цехын ашуды осыдан екі-үш жыл бұрын ойластырғанын айтты. Сәтін салып, биыл ойлаған арманы жүзеге аспақ.  

– Бұрынғыдай емес, қазір автокөлік көп. Ал олардың істен шыққан резеңке дөңгелектері қайда кетеді деген ой мені көп мазалады. Бірде Астана қаласында болғанымда дәл осындай цехтың тәуір жұмыс істеп жатқанын көрдім. Маған да бір ой келді. Сөйтіп, мен өндіріс құрылғыларын іздеуге кірістім. Қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан табылды. Бірақ біз бағасы әлдеқайда арзан болғандықтан, қажетті техникалық жабдықтың бәрін Ресейден сатып алдық, – дейді серіктестік директоры Талғат Сапарбекұлы.

Цех жұмысын қолға алу мақсатында банктен несие алып, екі айдың ішінде резеңке жамылғылар өндірісінің ғимаратын тұрғызған. Ал шілденің басында қондырғылар орнатылған.

Қазір мұнда 24 адам жұмыспен қамтылған. Ресейден арнайы шақыртылған мамандар құрал-жабдықтарды орнатып, цех мамандарын іс-тәжірибеден өткізген. Шаң-тозаңы көп ауыр жұмыс болса да, мұндағылар шаруаны ұршықша иіріп әкеткен. Тек қолбайлау болып тұрғаны – қажетті шикізат қорының аздығы мен электр жүйесінің толық орнатылмауы. Десек те, облыс әкімі қолдау көрсетіп, бұл мәселе оң шешімін табуда. Ал қазіргі таңда техникалық жағдай ретке келтірілуде.

Бүгінгі күні қажетті шикізат қоры дөңгелектерді жөндеу орталықтарынан алынуда. Талғат Сапарбекұлының айтуынша, жарамсыз қалған резеңке дөңгелектердің қайда кететіні белгісіз. Сондықтан, олар әзірге осындай орталықтардың көмегіне жүгінуде.

Қазір цехта 150 тонна резеңке дөңгелек бар. Ал жылына бір ауысыммен – 2 мың, екі ауысыммен жұмыс істесе 4 мың тонна шикізат қоры қажет. Ал олар дөңгелектің үгіндісінен түрлі резеңке жамылғылар жасап шығарады. Сонымен қатар, жолдың жиектеріне арналған резеңке жақтаулар мен балалар ойын алаңдарына, аула маңына, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолына арналған жарақаттан сақтайтын резеңке жамылғылар дайындайды. Мұндай жамылғыларды кез келген жерге төсеуге болады. Өйткені, өнім сапасы жоғары. Резеңке жамылғылар ыстық пен суыққа, жауын-шашынға төзімді.

Мұнда жұмыс сатылай жүреді. Резеңке дөңгелектер арнайы техникалардың көмегімен кішкентай бөлшектерге бөлініп, қос “Шредер” техникасымен ұсақталады. Одан соң арнайы “Сепаратор” сүзгісінен өткізіліп, “Шаңжұтқыш” техникасы арқылы тазартылады. Яғни, тазартылған өнім екі фракцияға бөлінеді. Дайын үгінді тығыздалған соң түрлі түске боялады. Ал жамылғылардың қалыңдығы 1-4,5 сантиметр аралығында.

Еуропалық стандартқа сәйкес резеңке жамылғылар шетелдерде жоғары сұранысқа ие. Тіпті, ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер малдың астына осындай резеңке жамылғыларды төсейді. Өкінішке орай, бізде бұл өндіріс енді ғана қолға алынуда. Бірақ, нәтиже де жаман емес. Аталмыш серіктестік өнімнің алғашқы сынамасын шығарған. Резеңке жамылғының құны текше метріне байланысты 4-8 мың теңге аралығында. Сұраныс та жоқ емес, бар. Бірақ аз. Резеңке жамылғылардың тығыздығы мен қалыңдығы әртүрлі. Тіпті, сұранысқа қарай түрлі пішіндегі жамылғыларды шығаруға болатынын серіктестік басшысы ерекше екпін түсіре айтты.

Өндіріс басшысы Игорь Прасоловты сөзге тартқанымызда бір ауысымда 50 текше метр өнім шығаруға болатынын айтса, жылына 20 мың текше метр резеңке жамылғысын шығару ойда бар екенін жеткізді. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, жұмысшылардың айлық жалақысы 100 мың теңгеден кем емес. Цех толықтай іске қосылған соң тағы қосымша 24 жұмыс орны ашылмақ. Цехтың қуаттылығы үш ауысымға дейін жетеді. Резеңке жамылғылар шығарумен айналысатын ұжым мүшелері де өздерінің жұмысына дән риза. Монтаж жұмысын ұршықша иірген Олег Келлер:

– Жұмыстың оңайы жоқ, тек адамда шынайы ниет болуы керек, – дейді.

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Т. ГАЛЕЕВ. 

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp