Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына енгізетін нақты міндеттер. Мемлекетіміздің дамуына сот жүйесінің де өзіндік үлесі зор болуы керек. Сондықтан ұлт бағдарламасында бес сатылы сот жүйесінен (апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу мәселесі айтылған.
Алдағы уақытта судья лауазымына үміткерге қойылатын біліктілік талабы қатайтылады. 2001 жылдан бері жариялы және көпсатылы сипатқа ие конкурстық іріктеу жүйесі бойынша судьялар біліктілік емтиханының қорытындысы немесе Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қарасты Сот төрелігі институтындағы оқудың нәтижесі бойынша іріктеуден өтіп келген еді. Құрамына жергілікті жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін өңірлердегі қоғамдық кеңес үміткерлердің кандидатурасын жариялы түрде талқылайтын. Кейіннен олардың кандидатуралары Жоғарғы Сот Кеңесінде қарастырылады. Заман талабына сәйкес судьялар қауымына қойылатын талап та тұрақты түрде күшейтілуде. Соттар мен судьялардың заман талабына сай қызмет атқаруы бұл уақыт талабы болып табылады. Алдағы уақытта судьялыққа үміткерлердің жас мөлшері 30 жасқа дейін ұзартылып және олардың сот саласына тікелей қатысты бес жылдық жұмыс өтілі болу міндеті қойылып отыр. Атап айтқанда, болашақта барлық судьялар алдымен сот төрелігі институтының магистратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Онда оқитын магистранттар мен судьялыққа үміткерлер үшін тағылымдама мерзімін бір жылға дейін арттыру көзделуде. Бұған қоса, судьялыққа үміткерлердің біліктілік емтиханын тапсыру тәртібі қайта қаралып, аталмыш лауазымға ұсынылған тұлғалар үшін біржылдық сынақ мерзімі енгізілмекші.
Алдағы жылы судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданады. Соның негізінде азаматтар судьяның қызметіне байланысты Жоғарғы Соттың жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алады. Сондай-ақ, барлық сот процесіне бейне және таспаға жазу міндетті түрде енгізіледі. Судьяның бейнежазбаны тоқтатуға немесе дыбысжазбаны редакциялауға мүмкіндігі болмайды. Жоғарғы Сотта ірі инвестор қатысатын дауды қарау үшін инвестициялық алқа құрылады. Мұның бәрі – азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға және сот жүйесі қызметін жетілдіруге бағытталған шаралар.
“Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес сот жүйесін еліміздің Жоғарғы Соты және Ата Заң талабына сәйкес жергілікті және басқа да соттар (облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттар) құрайды. Үш сатылы сот жүйесі – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзартуға және сот шешімін сөзбұйдаға салуға ықпал етеді. Сот шешімінің бірнеше рет өзгеріп, күшін жоюы – судьялардың беделіне нұқсан келтіретін факторлардың бірі. Себебі, апелляциялық және кассациялық сатылардың бір облыстық сотта шоғырлануы сот істерін қараудың созылып кетіп, шешім қабылдаудың қиындауына негіз болуда. Бұған қоса, кассациялық алқа іс жүзінде Жоғарғы Сотқа жүктелген қадағалау сатысының қызметін атқарып, күшіне енген сот шешімінің қайта-қайта өзгеріске ұшырауына алып келуде. Кеңестік кезеңнен қалған бұл жүйе бүгінгі күннің талабымен үйлеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесін неғұрлым жедел әрі сапалы қорғауға өзінің кері әсерін тигізуде. Міне, осындай мәселелер ескеріліп, алдағы жылдан бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот болады. Еліміздің Конституциясына, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ, кейбір заңдарға тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін сот жүйесі жаңа үлгіде жұмыс істейтін болады.
Ал мұның азаматтар үшін тиімді тұстары көп, алдымен сот шешімі жылдам шығарылып, тез арада орындалады. Сонымен қатар, құжаттарды рәсімдеу процесін оңтайландырады, сәйкесінше, тұрғындар тарапынан сотқа деген сенім артады. Бұл сот қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыра түседі.
Сот жүйесіндегі реформа азаматтардың бостандықтары мен конституциялық құқықтарын жаңа деңгейге көтеріп, сонымен қатар судья жұмысының сапасын арттырып, беделін нығайтады.
Асламбек КӨШЕНОВ,
Петропавл қаласының мамандандырылған
әкімшілік сотының судьясы.