«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫҢҒЫСТАН КЕНЕСАРЫҒА ДЕЙІН …

Қазақ хандарының түпатасы Шыңғыс қаған екені тарихтан белгілі. Ұлы әміршінің ғұмырын түптеп зерттеген тарихшы ғалымдардың еңбектерінде қағанның түркі тұқымдас халықтармен жақындығы айқындала түскен шындық.

Шыңғыс ханның 1162 жылы туып, 1227 жылғы 16 тамызда дүниеден озғаны дәлелденген.

Шын аты – Темучин. Әкесі Есугей батыр. Шешесі – Өлең Қоңырат руының қызы.  

Бірінші әйелі – Бөрте, ол да Қоңырат руынан шыққан.

Шыңғыс хан Бөртеден төрт ұл көрген. Олар – Жошы, Шағатай, Үгедей және Төле.

Ұлы қаған тұңғыш ұлы Жошыдан жарты жыл кейін өмірден өткен.

Шыңғыс хан қайтыс болардан бір жыл шамасында өзі жаулап алған Қытай, Орта Азия, Кавказ және Шығыс Еуропа жерлерін төрт ұлына бөліп береді.

Үлкені Жошының үлесіне бүгінгі Сарыарқа жері – Ертістен Оралға дейін, Іле мен Сырдария аралығы, бүкіл Дешті-Қыпшақ өлкесі тиіп, бұл аса зор аумақ “Жошы ұлысы” деп аталады.

* * *

Жошы хан Шыңғысұлы (1189-1227) – ұлы қолбасшы. Ол әкесінің тапсырмасымен көптеген үлкен жорықтарға қатысқан.

Жошы өмірін зерттеген тарихшылардың айғақтауынша, ол 66 рет жорыққа шығып, барлығында да жауларынан үстем түскен.

1227 жылы өмірден озған Жошының өліміне әкесі Шыңғыс хан себепші болған деген болжам да бар. Шыңғыс пен Жошының арасына қағанның екінші ұлы Шағатай үнемі от салып отырған. Өйткені, бір жорық кезінде – онда Шыңғыс небәрі он бес жаста екен, әйелі Бөрте меркіттердің қолына түсіп қалады. Он айдай меркіттердің қолында болып, Шыңғыс босатып алғанда аяғы ауыр Бөрте жолда босанып, Жошы туады. Жошы – “жолшы”, “жолда туған” деген мағына береді дейді зерттеушілер. Шыңғыс оны өз балам десе де, өзге туыстары, соның ішінде бастысы Шағатай Жошыны шетқақпай қылады.

Жошы өмірден озатын жылдың қысында Шыңғыс хан өзінің ордасында ұлы құрылтай өткізеді. Бұл жиынға Дешті-Қыпшақты билеп отырған Жошы сырқаттанып қалғандықтан, қатыспайды. “Жошы сырқат емес екен, ол өз ұлысында аң аулап жүр. Ауырған адам аңға шыға ма?” – деген қауесет тарап, оны Шағатай ұлы қағанға жеткізеді. Оның үстіне Шағатай: “Жошы Сіздің тағыңызды тартып алуға ниеттеніп жүр”, – деп, отқа май құя түседі. Осыдан секем алған ұлы қаған Жошыны құпия өлтіртеді.

Бірақ жарты жылдан соң өзі де осы сөзге ергеніне қынжылыстан қайғырып, ішқұса болып, 1227 жылғы тамызда қайтыс болады.

Жошы Ұлытауда жерленген делінеді. Ұлытауда антропологиялық зерттеу жүргізген атақты ғалым Әлкей Марғұлан кездескен мәйітті 72 жастағы адам деген анықтама беріпті. Ал Жошы 40, яки 42 жасында қайтыс болған деген тұжырым бар. Алайда, Жошының өмірін зерттеген тарихышылар, өзге де антропологтар оның Ұлытауда жерленгенін айғақтап жүр.

Қорыта айтқанда, қазақтың Керей мен Жәнібек хандарының ұрпақтарының барлығының түпатасы Жошы, одан әрі Шыңғыс қаған болып табылады. Солардың соңғысы – Кенесары Қасымұлы.

Керей хан, Болат сұлтан ұлы, Орыс хан шөбересі 1465-1474 жылдары билеген.

Әз-Жәнібек хан, Барақ хан ұлы, Ұрыс хан шөбересі 1474-1480 жылдары билеген.

Бұрындық хан, Керей хан ұлы, 1480-1511 жылдары билеген.

Қасым хан, Әз-Жәнібек хан ұлы, 1511-1522 жылдары билеген.

Момыш хан, Қасым хан ұлы, 1522-1523 жылдары билеген.

Тайыр хан, Әдік сұлтан ұлы, 1523-1533 жылдары билеген.

Бұйдаш хан, Әдік сұлтан ұлы, 1533-1538 жылдары Жетісу өңірін билеген.

Тоғым хан, Жәдік сұлтан ұлы, 1533-1537 жылдары билеген.

Ахмет хан, Жаныш сұлтан ұлы, 1533-1535 жылдары Сырдария маңын билеген.

Хақ-Назар хан, Қасым хан ұлы, 1538-1580 жылдары билеген.

Шығай хан, Жәдік сұлтан ұлы, 1580-1582 жылдары билеген.

Тәуекел хан, Шығай хан ұлы, 1582-1598 жылдары билеген.

Есім хан, Шығай хан ұлы, 1598-1628 жылдары билеген.

Жәнібек хан, Есім хан ұлы, 1628-1643 жылдары билеген.

Салқам Жәңгір хан, Есім хан ұлы, 1643-1652 жылдары билеген.

Батыр хан, Бөлекей сұлтан ұлы (Әз-Жәнібек хан ұлы Өсеке сұлтанның ұрпағы), 1652-1680 жылдары билеген.

Тәуке хан, Жәңгір хан ұлы, 1680-1715 жылдары билеген.

Қайып хан, Хысырау сұлтан ұлы (Есім хан ұрпағы), 1715-1718 жылдары билеген.

Болат хан, Тәуке хан ұлы, 1718-1729 жылдары билеген.

Әбілмәмбет хан, Болат хан ұлы, 1729-1771 жылдары билген.

Абылай хан, Көркем Уәли сұлтан ұлы, 1771-1781 жылдары билеген.

Кене хан, Қасым сұлтан ұлы, (Абылай хан немересі) 1841-1847 жылдары билеген.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp