«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШТЫҢ АЙБЫНЫ

“Менің бабам, күйдірген қыр аптабы,

Көшіп-қонып, ұрпағы тұрақтады.

Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих,

Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!

Ақын Қадыр Мырза-Әлі жазып кеткен осы жырдың бір шумағы оқулығы жұтаң болғанымен, қыртысы қалың тарихымыздың терең қабаттарына ой-көзімізді салдырады. Қазақтың Ноғайлы заманының бір ұшығын қолға ұстататын, шолсаң ой жетпейтін өткеніне үңілуімізге осы тереңдіктің өзі-ақ бастау боларлықтай. Көне заманның сілемдеріне бойлауға тура келетін тарихи деректер тайға басылған таңбадай көз алдыңда тұрмаған соң, әрбір дәйектерді тірнектеп жинап, салыстырып, сүзіп, елеп-екшеуге тиіссің.

Халқымызды құраған тайпалардың ең көнелері біздің дәуірімізден әрі уақыттарға барып тіреледі. Арғын, Қыпшақ, Керей, Найман, Қоңырат, Уақ сынды Орта жүз руларының шыққан тұсын нақ қай ғасырға апарып тіресең де, тегі тым тереңнен тамыр тартатынын пайымдайсың. Осы тайпалардың ішіндегі шағыны болса да, Уақтың да тарихы тым әрідегі қазақ жылнамасын, әсіресе, этнографиясын, өз тұсынан ерте ғұмыр кешкен әйгілі хандар мен батырлар ғұмырын зерттеген зерделі ғалым Григорий Потанин жазып, қалдырып кеткен дерек бойынша есте жоқ ескі замандардың бірінде – жаугершілік кезінде – бір румен екіншісінің соғысқан тұсында аталы бір жұрттан жалғыз ғана тұяқ қалып, қара қазан астында елеусіз жасырынып, бір жесір әйелдің баласы болады. Ол күтімсіз, тойынып тамақ ішпеген, өспеген, әлжуаз болғасын “Уақ” атаныпты (Г.Н.Потанин. “Избранные сочинения”. Павлодар, 2005 г., т. 3, стр.63).

Біздің ежелгі тарихымыз аса бай фольклорымызда түзілгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе, “Батырлар жыры” деп аталатын інжу-маржандарымыз, ешқандай баға жетпестей, аса құнды мұрамыз бар.

“Қазақтың жазу-сызуы болмаған” делінген дүбәра сөз өзгенің өрекпігенімен айтылған, бұл сөз енді біздің өзіміздің өзегімізді өртей алмайды. Араб әліпбиі – қазақтың төл мәдениеті. Соған қоса, ділмар халқымыздың орасан есте сақтау қабілеті ғаламның небір ғұламаларын таңғалдырғанын қалайша мақтан тұтпасқа? Отыз күн, отыз түн тынбай жырланатын дастандар құймақұлақ жыраулардың үнімен жүректерге құйылып, мәтініне қылау түспей, бүгінгі күндерге жетті.

Жазу-сызуымен кеуде қағатын халықтардың арасында Қазтуғандай, Жиенбеттей, Шалкиіздей, бертінгі Мұрын жыраудай данышпандар табыла қояр ма екен? Бұл – түркі халықтарына, соның ішінде қазаққа ғана бұйырған құдірет десем, асылық емес! Осы жыраулардың арқасында “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар”, тағы көптеген басқа да батырлық жырлар көңіл сарайымызға мұнарасын орнатты. Бір ғажабы – осы батырлардың өмірде болғаны. Қара қыпшақ Қобыландыға Ақтөбе өңірінің Қобда өзені бойында кесене орнатылып, ас берілді. Жақында Қоңырат жұртшылығы Шымкентте Жиделі-Байсыннан шыққан Алпамыс батырға зәулім ескерткіш тұрғызды.

Менің осы мақалама арқау етіп отырған кейіпкерім Уақ Сары батыр түгіл, оның арғы аталары Ер Көкше мен Ер Қосай – тарихи тұлғалар. Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың айғақтауынша, қырғыздың “Манасында” жырланатын Ер Көкше мен Ер Қосай батырларды Уақтан шыққан деуге әбден негіз бар (Ж. Артықбаев,“Уақ тарихының көне сілемдері”, “Баян батыр” жинағы, 207-бет, Астана, 2014 жыл). Осы еңбегінде тарихшы ел аузында жатталып, бұрыннан бүгінгі күнге жеткен әфсаналар мен аңыздарға сүйене отырып, өзінің дәйекті зерттеулері арқылы Алтын Орда заманында жасаған Ер Көкше мен оның ұлы Ер Қосайдың Қобыланды батырмен өліспей-бітіспейтін өшпенділігін дәлелдейді.

Тағы бір қадай айтатынымыз – Қамбар батырдың да тарихи тұлға екендігі және оның Уақ руынан тарайтыны туралы бір дәйек. Жоғарыда аталған мақалада “Қамбар батыр ертегісі” деген тарау бар (210-бет). Ж. Артықбаев бұл дәйекті алға тартқанда ғұлама Әлкей Марғұланға сүйенеді.

Сөйте келе ғалым:

Керей менен Уақтың,

Қамбар соның атасы.

Сымдай сұлу анаңыз

Қамбардың болған анасы, – деген жыр шумағын ұсынады. “Қазақ шежіресінде Уақтан – Қамбар, одан Ер Көкше болып келеді, яғни Қамбар батыр – Уақ аталатын елдің арғы бабасы” (“Баян батыр”, Астана, 2014 жыл, 212-бет). “Қамбар батыр” жырында оның Ноғайлыдан шыққаны туралы тиянақты баяндалады. Ал Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қазан, Қырым, Өзбек, Қазақ, Астрахан, Ноғай хандықтары құрылғаны белгілі. Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің иелігіндегі Ноғай ордасының астанасы Сарайшық болып, Атыраудан Есілге дейінгі осы зор алқапты мекендеген Уақтардың Ноғай Ордасының құрамында болғанын “Қамбар батыр” жыры толық дәлелдейді.

Халқымыздың аты әйгілі шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпеев Уақтың шығу тегі туралы 1993 жылы Алматыда басылған “Қазақ шежіресі” еңбегінде Жанарыстың бәйбішесінен – Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, тоқалынан Керей мен Уақ туатынын жазады. Біз әңгімеміздің арқауына айналдырып отырған Сары батыр жайына толық тоқталмас бұрын Уақ шежіресінің түп қазығын танытуға ниет қоюмыздың мақсаты батырлар жырының және осы тұлғалардың ғұмырының тарихилығын аңғарту еді. Өйткені, Сары батыр жайлы деректердің аздығынан оның өмірі мен ерліктері көпшілік қауымға айтарлықтай таныс емес.

Алайда, Қожаберген, Тәтіқара, Үмбетей, сондай-ақ, басқа жыр сүлейлері Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай және немере інісі Баян батырмен қоса Сарының ерліктерінен алтынның сынығын қазып алғандай ғана мағлұмат береді. Мысалы, Қожаберген жырау “Елім-ай!” дастанында Сары батырдың қазақтың жеріне көз алартуын қоймағандықтан, қалмақты қойша қырғанын мадақтаса, Тәтіқара:

“Өзге батыр қайтса да,

бір қайтпайтын

Сары менен Баянды айт

Уақтағы”,

– деп жырлайды.

Бүгінгі ұрпақ бұл сөздердің шындығына шүбәсіз сенуге тиіс. Өйткені, жалаң қылыштай өткір мінезімен, табан астында суырыпсалма шапшаң айтқыштығымен дараланған Тәтіқара ақын ХVIIІ ғасырдағы қазақ ақын-жырауларының көрнектілерінің бірі, Абылай бастаған сарбаздардың айтулы жырауы болған. Ел аузындағы кейбір деректерге сүйенсек, Тәтіқара Сарыкөл маңайындағы Уақ руынан шыққан. Уақ ішінде қалмақ деген атадан, Ақынның туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданы.

Тәтіқара Абылаймен бірге жаугершілікте жүріп, оның әрі ақыны, әрі батыры болған. Үмбетей жырау Абылайға Бөгенбайдың дүниеден озғаны туралы қаралы хабарды жеткізгенде:

“Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары, Баян мен Сағымбай,

Қырмап па еді жауыңды! – демей ме?!

Бұлардан кейінгі Мұрын жырау Сеңгірбекұлының (1859-1954) “Көкшенің ұлы ер Қосай” деген дастаны да барын еске сала кетейік.

Сары батыр жайында осындай тиіп-қашты жыр жолдары болғанымен, толыққанды зерттеулердің жоқтығы, барының өзі аздық ететіні бізді қынжылтушы еді. Десек те, батыр ұрпақтарының тарихшылардың, көненің көзі болған зерттеушілердің еңбектеріне сүйеніп, ізденуінің арқасында Сарының өмірдеректерінен мағлұматтарға қанығуға мүмкіндік алып отырмыз.

Уақтың түп атасының бірі – Қамбар батыр болса, Ер Көкше оның немересі, Ер Қосай шөбересі екені белгілі. Бұлар жайында академик Әлкей Марғұлан Шоқан Уәлихановтың 1984 жылы Алматыда басылып шыққан бес томдық шығармалар жинағына сүйеніп, Шоқанның “Самые популярные богатыри, воспетые в казахском народном эпосе, казахи рода Уак, населяющие Ишимскую степь, до сих пор считают Ер Кокче своим родоначальником” деген жолдарына түсініктеме береді.

Қазақтың атақты батыры Сары Шоғаның бір ұлы, Бәйімбеттен туған екі баланың бірі Қозымеректен тарайды. Баян батыр Қасаболаттан туады. Ол – Сарының немере інісі. Сары Өтемісұлы 1690 жылы туып, 1771 жылы өмірден озған. Мағжанның “Батыр Баянында” суреттелетін Ноянның шын есімі Қыстаубай – Сарының ұлы. Сары ержүрек батыр, бір сөзді өжет адам болған екен. Батырлардың бәріне ортақ бір сипаты – олар бір айтпайды, айтса, одан қайтпайды. Қыстаубай қолға түскен қалмақтың қызына ғашық болып, елден безіп, ойраттарға кетіп қалғанын естіген Сарының қартайған тұсы екен. Ұлының сүйекке таңба салғанына күйінген Сары немере інісі Баянға қашқын ұлды қалайда қуып жетіп, өлтіруге бұйрық береді. Қыстаубайды қуып жеткен Баян жас баланы өлтіруге қимай: “Кіші жүздегі нағашыларыңа барып панала!” – деп кеңес беріп, оның киімін атып алған аңның қанына малып, “Өлтірдім!” – деп ағасын алдайды. Бұл даланың драмасы да, трагедиясы да! Өйткені, жаугершілік заманның заңы солай. Өз ұлыңның қылығын кешіріп, көрпені өз бойыңа тартсаң, ел саған сенуден, сыйлаудан қалады. Осы жерде айта кету керек, Найман мен Тобықтының арасында дау тудырған Кебекті Кеңгірбайдың өзінің тобықтысы екеніне қарамай, жазалауы осындай дала философиясының қазығы. Ел тұтастығы үшін осылайша туысын да аямайтын Құнанбай тарапынан жасалған қаталдықтың бірін Шәкәрім Құдайбердиев “Қодардың өлімі” поэмасында жазды.

Біздің қолымызға қалам алып, осы мақаланы жазуымызға ұйытқы болғаны – Уақ Сары батырдың ұрпақтарының оған арнап кесене орнатуы және естеліктер кітабын шығаруы. Осы еңбекті құрастырушы ретінде жинаққа алғысөз жазуымның сыры осында. “Ғалымның хаты өлмейді” демекші, кітап қолына тиген оқырман ондағы жазбалардың арқасында ел тұтастығын, қазақ бостандығын көл қорыған қызғыштай қорғаған, Абылайдың айбарлысы, Алаштың айбындысы Сары батыр жайында да хадери-халінше мағлұматтарға қанығады деген ойдамын.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp