
Қазақ хандығының 550 жылдығы – мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айтулы белес. Азаттық сыйлаған ата-баба ерлігі ұлт жадынан өшпесі анық. Ал өткенге көз жүгіртіп, тарихымызды тану – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Мемлекетіміздің қалыптасуында тарихи тұлғалардың алатын орны айрықша. Хандықтың бастауында Керей мен Жәнібек тұрса, қазақ халқын бір хандыққа біріктіріп, мемлекетіміздің іргетасын қалаған Абылай бабамыздың рөлі айрықша. Жоңғар хандығына қарсы үш жүздің басын қосып, күш біріктірген Абылай хан – саяси қайраткер. Сондықтан, хандықтың 550 жылдығы Абылай батырдың есімімен де тығыз байланысты.
Жалпы, биыл еліміз үшін айтулы мерекелерге толы жыл. Осы орайда облыс орталығындағы «Абылай хан резиденциясы» да көптеген іс-шараларды өткізді. Өйткені, 2008 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасына енгізіліп, қалпына келтірілген аталмыш резиденция – тарихи орда.
Қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енген хан ордасы туралы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: “Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз”, – деп айтқан болатын. Бүгінде жергілікті тұрғындардың көз-айымына айналған тарихи орда ауқымды жобалармен жұмыс істеуде. Ал Елбасымыздың биылғы Жолдауында 2015 жыл – мерейлі белестер жылы деп атап өтілген еді. Оның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығы да бар. Бұл тарихи белес жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыратыны анық. Тәуелсіздіктің жаңа шежіресінде өркениеттік даму үрдісімен төрткіл дүниені тамсандырған Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуы әріден басталғаны тарихтан белгілі. Бұған мемлекет басшысының 2014 жылғы 22 қазанда Астана қаласы активімен кездесуіндегі: “Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттігінің тарихы сол кезден бастау алады”, – деген сөзі дәлел.
Осыған байланысты елімізде бұл оқиғаны мерейтой күндерінің қатарына қосып, хандықтың салтанатына арналған іс-шараларды өткізу жөнінде мәселе қаралды. Өйткені, қазақ халқының тәуелсіздігі оңайлықпен келген жоқ. Ал тәуелсіздік дегенде ұлан-байтақ жерімізді анталаған жаулардан қызғыш құстай қорғап, ат үстінде арыстандай арпалысып өткен асыл бабаларымыз ойға оралады. Ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың байтақ даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ата жауларынан қорғап қалған ардақты бабаларымыз-ай!
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Абылай хан резиденциясы» мұражай-кешені де көптеген іс-шаралар өткізді. Биыл наурыз айында 2012 жылы өткен «Жастар, жастар үшін. XXI ғасыр мұражайы» жобасының заңды жалғасы ретінде көрме өтті. Жобаның басты мақсаты – мәдениетімізді дамыту. Сондай-ақ, жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеп, салт-дәстүрімізді құрметтеп, ұлттық құндылықтарды бағалай білуге үйрету. Сонымен қатар, хандықтың 550 жылдығына байланысты мұражай қызметкерлері түрлі конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады.
Абылай – хан, дипломат, саясаткер, данышпан. Қазақ хандығының нығаюы мен бекуі жолында Абылайдың қосқан үлесі зор. Сондықтан тыңдаушылар үшін Абылай хан ерліктерін әсерлі де қызықты етіп баяндау мұражай қызметкерлерінің басты мақсаты болып саналады.
Абылай хан резиденциясы экскурсияға келушілерден әр кез босап көрген емес. Петропавл қаласының №6637 әскери бөлімінің қызметкерлері бізде қонақта болып, тарихтан жан-жақты мағлұмат алды. И.Шухов атындағы қалалық орталық кітапханада №1 орта мектеп оқушылары, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері үшін де дәрістер оқылды. Сонымен қатар, біздің қызметкерлеріміздің қатысуымен №2 қалалық әкімшілік сотында «Қазақ хандығына 550 жыл» атты семинар болды. Биыл хандықтың 550 жылдығы ғана емес, өзге де атаулы мерейтойлар да кеңінен атап өтілді. Жуырда ғана біз Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын мерекеледік. Осыған орай, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына мұражай кешенінде «Ата Заңның қайнар көзі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрме билер сотына негізделді. Қазақ елінің мемлекеттік билігінде билер сотының орны ерекше болған. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эволюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі болып саналады. Ұлтымыздың өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбекті барлық қырынан танып білу қажет.
Алдағы уақытта да хандықтың 550 жылдығына байланысты тарихи-танымдық іс-шаралар өткізу жоспарда бар.
Қазіргі таңда мұражайға келушілер көп. Еліміздің түкпір-түкпірі мен Қызылжарға жолы түскен меймандар Абылайдың ақ үйіне соқпай кетпейді. Әсіресе, көршілес Ресейден келетін қонақтардың қызығушылығы басым.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
«Абылай хан резиденциясының»
экскурсиялық-көпшілік жұмыс
бөлімінің меңгерушісі.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.