
Айыртау жерінде көз тартар керемет жерлер өте көп. Бұл өңірдің қазақ тарихына қосар үлесі зор. Төрелер тұқымы мекендеп, өзіне орда еткен киелі жерде Айғаным ханшаның қонысы бар. Бүгінгі күні осы қоныс өткен тарихымыздың куәсі болып, сыр шертеді.
Айғаным – Абылай ханның Уәли деген ұлының төртінші әйелі. Тарихта Абылай дүниеден өткеннен кейін билікті Уәли алғаны белгілі. Айғаным – Уәлидің ең жас тоқалы. Айғанымды алғанда Уәлидің жасы елуде болса керек. Айғанымның өзі Есіл бойын мекендеген атақты Мәлім қажының ұлы Сарғалдақтың қызы. Кейбір деректер оны Әзірет Әлінің 43-ші ұрпағы деп жазады. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов төртінші атадан осы Айғаным ханыммен туысады. Айғанымның сұлулығын Уәли алғаш рет Есілдегі жер дауын шешуге Сарғалдақ қожаның үйіне барғанда көреді де, өзі егде тартса да, уылжыған жас қыздың ажарына сүйсініп, оған көңілі ауады. Елге оралғаннан кейін қызды айттыруға сенімді кісілерін аттандырады. Олардың сөзін тыңдаған Айғаным Уәлиге сәлем айтып жібереді. Ол сәлемінде: “Егер Уәли шынымен маған үйленгісі келсе, онда билік ордасын Есіл өзеніне жақын көшірсін”, – деп талап қояды. “Ақыл жасқа қарамайды, басқа қарайды” дегендей, жас та болса ақылды қыздың осындай талап қоюының басты себебі – Уәлидің одан бұрын алған, Көкшетауды мекен ететін үш әйелімен қатар қоныстанып отырмау болатын. Қулығын асырған жас қыз Уәлиге дегенін жасатып, 1805 жылдары билік ордасын Көкшетаудағы Қызылағаштан Сырымбетке көшіртеді.
Бұл қоныстың салынуы ХІХ ғасырдың басына тұспа-тұс келеді. Патшаның арнайы бұйрығы бойынша құрылыс жұмыстарына 5 мың сом бөлінеді. Патша бұйрығында құрылысты жедел жүргізу жағы көрсетілгенімен, оны салу 1824 жылдан 1834 жылға дейін созылған. Айғанымның өтініші бойынша үйдің жанынан мектеп, медресе, мешіт, монша, қонақүй, тұрмысқа қажетті диірмен, аткерме сияқты ғимараттар бой көтереді.
Айғаным қонысының бүгіндегі мекенжайының айнала төңірегін мұқият зерттеп, топырағының құнарлы, егіншілікке де тиімді, яғни отырықшы тұрмысқа ыңғайлы екенін аңғару қиын емес. Осыдан-ақ, Айғаным ханшаның көрегендігін аңғарасыз. Кейін аталмыш жер нағыз сұлу қонысқа айналып, әсіресе, ұрпақтары мен сол жерді мекендеушілердің жүрегінен берік орын алғанын байқаймыз. Бұл қоныстың, әсіресе, аққан жұлдыздай жарқ етіп, қазақ тарихында мәңгілік өшпес ізін қалдырған Шоқанның өміріне ғажайып әсер еткендігін айтсақ та жеткілікті. Сырымбеттің сұлу табиғаты Шоқанға шабыт беріп, “Сырымбеттегі Айғаным мекенжайы”, “Мекенжайдың шығысынан қарағандағы көрінісі”, “Ханшаның ескі үйінің сипаты” деген суреттер салынғаны тарихтан белгілі. Бұларға қосымша “Сырымбет тауы”, “Сырымбет тауы мен оның төңірегінің схемалық картасы” аталатын топографиялық жұмыстарды да ғалым осы жерде жазған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Айғаным ханымның қонысы 1993 жылы қайтадан қалпына келтірілді. Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев, Өзбекстанның президенті Ислам Каримов Айғаным қонысын салтанатты түрде ашты. 2008-2010 жылдары Айғаным ханша қонысын қайта қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 32 миллион теңге қаражат бөлініп, “Казреставрация” мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. 2011 жылы республикалық бюджеттен 18 млн. 400 мың теңге қаржы бөлініп, ол қаржыға қоныс жанына жел диірмен орнатылды. Қазір мыңдаған адамдар келіп, тамашалайтын, тарихқа саяхат жасайтын қасиетті орынға айналған бұл жерге жерлестерімізбен қатар, Түркия, АҚШ, Ресей, Германия мемлекеттерінен қызықтап келушілер де бар.
Бүгінгі күні Шоқанның барлық қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысындағы мұражайда сақтаулы. Мұражайда 8 мыңға тарта жәдігер бар. Олардың қатарында ханымның қолданған самаурындары, ат әбзелдері, ыдыс-аяқтарымен қатар, иленген аю терісі, сандықтар, Шоқанның үстелі, қаламдары секілді қайталанбас құнды жәдігерлер сақтаулы. Басына құлпытас орнатылған Айғаным ханым мен Уәлидің мәңгілік мекені де қоныстың маңында.
Тарихи қоныста сәнімен салтанат құрған Айғаным ханым – қазақ тарихында өз бетінше билікке қол жеткізген, еуропаша білім алған, бірнеше тіл меңгерген, саяси-қоғам қайраткері ретінде із қалдырған белгілі тұлға. 1993 жылы қайтадан ашылған Айғаным қонысы бүгінде аспан астындағы мұражай қызметін атқарып тұр. Шоқандай тұлғаны тәрбиелеген Айғаным ханшаның қонысы қазақ үшін қасиетті болып қала бермек.
Уәлихан ҚҰЛБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Сырымбет тарихи-этнографиялық
мұражайының директоры.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Айыртау ауданы.