«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРСЫНБАЙ БАТЫР

Балта керей Тұрсынбай батыр Ертісбайұлы 1701 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Соколов (қазіргі Қызылжар) ауданындағы Атық тоғайында туған, 1800 жылы Ресейге қарасты Челябинск облысындағы Иткөл ауданында (шежіре деректері бойынша) қайтыс болған. Қазақ халқынан шыққан сардарлардың (әскербасылардың) бірі. Тұрсынбайдың атасы Атық XVII ғасырда батыр әрі әулие атанған. Әкесі Ертісбай да Орта жүздің белгілі батыры болған екен.

Тұрсынбай 9 жасында ата-анасынан айрылып, жетім қалғанына қарамастан, отбасы шаңырағын күйзелтпей, інілері Есілбай мен Толыбайға қамқорлық көрсеткен. Өзі Түркістан түбіндегі «Қарнақ» медресесінде білім алады, хадимша хат таниды. Ол Әз-Тәуке ханның асында (1719) Қоқан хандығынан келген Қоңыраулы Түйе балуанды жығып, бас балуанның бәйгесіне ие болады. 1718 жылғы жазда Әз-Тәуке хан қайтыс болар алдында қазақ сарбаздары қазақ жеріне басып кірген қалмақ әскеріне қатты тойтарыс бергенде он жеті жасар Тұрсынбай үлкен ерлік көрсетіп, батыр атағына ие болады.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары інілері Есілбай мен Толыбай жау қолынан қаза табады. Тұрсынбай батыр жасақ құрып, жоңғарлармен күресте ерен ерлігімен көзге түседі. Оның ерлігін ақын Дәстем Қарабасұлы жырға қосқан. Тұрсынбай батыр жауға алдырмас небір ұтымды, айлалы тәсілдерді білген. Ол құралайды көзден атқан мерген, гүрзі, қылыш сілтеп, найза шаншуға шебер болыпты.

«Ақтабан шұбырындыдан» кейін ата жаудан кек алмаққа қазақ батырлары Абылай ханның ақ туы астына жиналып жатыр дегенді естіген Тұрсынбай да бес қаруын асынып, жорыққа аттаныпты. Тұрсынбай батыр қазақ әскерлеріне басшылық жасап, әсіресе, 1750­-1780 жылдары Абылай ханның сенімді қолбасшыларының бірі болады. Сол тарихи кезеңде ол (1745 жылдан бастап) Шалабай (Челябинск) өңірінен қоныс алып, Таймас қарақшының шабуылын тоқтатып, қазақ пен башқұрт халықтарының туысқандық, достық қарым­-қатынасын қалпына келтіруге елеулі үлес қосыпты.

Тұрсынбай батырдың ерлік істері жайлы Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, Жанкісі, т.б. жыраулардың мұраларында көптеген мәліметтер бар. Қазақ халқының ержүрек батыры және білікті әскербасы ретінде Тұрсынбай Қожаберген жыраудың «Елім­-ай!» ­дастанынан да орын алған.

1749-1750 ж. Нұралы ханмен құдалық байланыс орнату мақсатымен келген Қарабас сұлтан елшілігі туралы мәлімет те сақталған. Қалмаққа елші болып келген Тұрсынбайды Қарабас ханым: «Мына отырған Балта керей Тұрсынбай құлағы жоқ шұнақ, құйрығы жоқ шолақ екен. Ерлігінің де міні жоқ, еңбекшілігінде де міні жоқ. Жалғыз ақ айыбы жауы желкесінде екен. Онан басқа қорқар нәрсесі болмаса керек», – деп сынайды. Мұнда құлағы жоқ шұнақ деп туысқанының жаман болғанын, құйрығы жоқ шолақ деп баласы жоқтығын, жауы желкесінде деп кедейлігін айтқаны екен.

Батырдың қоғамдағы әлеуметтік тұрмысы төмен болғанын Шоқан еңбегі де растайды.

1757 жылы Талқы қамалындағы қытай әскеріне қарсы соғыста Тұрсынбай Абылай жасағының алдыңғы шабуылдаушы, кезеуілші тобы қолбасшыларының бірі болғаны туралы мағлұмат Мәшһүр аңыздарында берілген. М.Ж. Көпеев жазбаларында Тұрсынбай батырдың Алатауды бетке алып бара жатқан Абылай ханның жорығына қатысқаны, көрдегі аруақтан қорықпай, бейіт ағашын әкелгені туралы аңыз-әңгіме үлгісі сақталған. Сонда Абылай хан:

– Өмір бойы еш нәрседен қорыққан жоқсың ба? – дейді.

– Тақсыр, неге қорықпайын?! Он алты жасымда әкем пәлен ханға: «Осы баламды нөкерлікке баулып бер!» – деді. Сонда бардым, ханның жылқысын бақтым. Жарқырап жаз шыққан соң, күн күркіреп, көк шыққан соң, бір ақ боран болып, жылқы ықты, жылқыменен бірге ықтым. Үш күн, үш түннен соң, күн шайдай ашылды, жылқы жусады. Мен де аттан түсіп, жата қалдым. Көзім ілініп кетсе керек, өне бойым мұздай болып, шымырлап бара жатқан соң, көзімді ашып жіберсем, білектей қара шұбар жылан өзімнің дәл үстімнен жүріп, аузыма қарай жақындап барады. Аузым толғанша шыдап жаттым. Басы аузыма келді, құйрығы бөлек қалды. Толғап-толғап басын жұтып жібердім. Қорықпасам, жыланды жеймін бе? – депті. – Өзімнің жан болып корыққаным сол! – дейді.

– Бәрекелді, батырың қатты қорыққан екен! – дейді Абылай хан Тұрсынбай батырдың жауабына риза болып…

Жерлес батыр бабамыздың, даңқты қолбасшының ұрпақтары Тобыл өзенінің бойында да өмір сүріп жатқан көрінеді. Тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембаевтың айтуына қарағанда, Қостанай облысының Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кентінде Тұрсынбай батырға ескерткіш орнатылып, бір көшеге есімі беріліпті. Абылай ханның сенімді көмекшілерінің бірі болған, 17 жасында батыр атанып, жауға шапқан жерлесімізге өз туған жерінде ел есінде қалатындай бір белгі жасай алмай отырғанымыз ғана өкінтеді.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp