«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮМІТ ЗОР

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында өңірдің қайта өңдеу кәсіпорындарына мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақшаның кешіктірілу мәселесі қаралды.

Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов ашып, сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер өткен жылдан бері Ресей рублінің ауытқушылығына байланысты біраз қиындықтарға тап болғанын жеткізді.

– Қазіргі таңда сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақшаның кешіктірілу мәселесі ең өзекті болып тұр. Қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын субъектілері былтыр мен биыл ең ауыр кезеңді өткеруде. Ресей рублінің құнсыздануына байланысты көршілес елден келетін өнімдердің отандық нарықта бағасы арзан. Өз кезегінде тұтынушылардың сұранысы отандық өнімге азайған. Осының салдарынан өңірде сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар біраз тығырыққа тірелді. Өнімдерді өткізу қиындық тудыруда. Бағаның арзандауы кіріс көлемін азайтты. Қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында Үкімет тарапынан нақты шаралар қолға алынып, республикалық бюджеттен жәрдемақша бөлінуге тиіс болатын. Осы орайда біз, яғни облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржының уақытында түсуін қадағалауға мүдделіміз. Негізінен Үкіметтің жәрдемақшасына өңірде сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар үміт артып отыр. Бұл мәселе тек біздің облыста ғана емес, еліміздің бірқатар өңірлерінде де бар. Бірақ бүгінгі таңда 2014 жылдың төртінші, биылғы жылдың бірінші тоқсандарының жәрдемақшасы кешіктіріліп отыр, – деді Тұрар Ысқақов.  

Отырыс барысында бұл мәселе алдағы уақытта қалай шешімін табатыны және келесі жылы осындай олқылықтарға бой алдырмас үшін қандай шаралар қолға алынып жатқандығы туралы сауалдар көп қойылды. Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров өзінің ой-пікірін білдірді.

– 2015 жылы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақша 682 миллион 126 мың теңгені құрайды. Тиісті қаржының биылғы жылдың желтоқсан айында берілетіні көзделген. Біз бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жәрдемақшаның уақытын алға жылжыту мәселесін айтқан болатынбыз. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде, мәселе қыркүйек айында шешілуі тиіс. Ал қаржыландырылу тәртібі бойынша өтініштер тоқсан сайын қабылданады, – деді ол.

Сонымен қатар, Қайрат Омаров өңірде жәрдемақшаға 9 кәсіпорын үміт артып отырғанын жеткізді. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, “Молсервис” ЖШС-нің директоры Сергей Чепурко жәрдемақшаға қайта өңдеу кәсіпорындарына қаржы уақытында берілмесе, олар көп шығынға ұшырайтынын айтып түсіндірді.

Отырыс соңында Қайрат Омаров Үкіметтен бөлінетін жәрдемақыға кәсіпкерлер қыркүйек айында қол жеткізетінін айтып, көңілде үміт отын маздатты.

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp