Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына орай ҚР Ұлттық банкі еркін айырбас бағамына көшуге байланысты жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгеде) ашылған депозиттері бойынша бағамдық айырманы төлеудің тәртібін бекітті.
Тәртіпке сәйкес салымшыға бағам айырмасы салым күнінің соңы – 2015 жылғы 18 тамыз күніне екінші деңгейдегі банктерде немесе “Қазпочта” АҚ-да теңгемен ашылған депозиті болған жағдайда төленеді. Бұл ретте салым бойынша банк шотындағы қалдық 2015 жылғы 18 тамыз күніне 1 миллион теңгеден аспауы керек.
Бағамдық айырманы төлеу жеке тұлғалардың мерзімді депозиттері бойынша жүзеге асырылады.
Бағамдық айырманы алу үшін салымшы депозитті арнайы шотта кемінде бір жыл сақтауға міндеттеме алады.
Салымшылар 2015 жылғы 1 қазанға дейін банкте депозитті қайта рәсімдеу үшін өтініш жасауы қажет.
Өтемақы тетігінің шеңберінде 2 миллионға жуық салымшыға бағамдық айырманы төлеу жоспарланып отыр.
Ақы төлеу шарттарымен Ұлттық банктің сайтындағы “Қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау” тарауында танысуға болады.
Түсініктемелер мен кеңесті Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 6 мекенжайындағы ҚР Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалынан, сондай-ақ, 8 (7152) 46-50-34, 46-20-14 телефондары бойынша ала аласыздар.