Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов мәлімдегендей, Үкімет Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 1 қазанға дейін салымшыларға өтемақы төлеу жөнінде жеке тапсырыс берді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің баспасөз қызметі өтемақыны төлеу реті үстіміздегі айдың аяғына дейін анықталатынын хабарлайды. Өтінімдерді берудің мерзіміне қысым жасалмайтыны қазірдің өзінде белгілі. Барлық азаматтар құжаттарын тапсырып үлгере алады. Бұл үшін қажетті шаралар қолға алынуда.
Баспасөз қызметі, сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің барлық клиенттерінің мүдделері ескерілетініне, ал филиалдардағы жұмыс адамдар өтінімдерін абдырап, абыржусыз бере алатындай етіп ұйымдастырылғанына сендіреді.
Баға айырмасын төлеу туралы өтінімді беру, тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шартқа қосымша келісімді бекіту интернет-ресурс арқылы жоспарлануда. Осыған байланысты салымшылардың электронды сандық қолтаңбасы болуы керек (ол Халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі).
Өтінімдерді қабылдау күні банктің сайтында және БАҚ-тарда жарияланады.
Банктің баспасөз қызметі.