«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІН АСҚАҚТАТУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Елбасымыздың бастамасымен үстіміздегі жылы елімізде кеңінен аталып өтіліп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы – тарихи және саяси мән-маңызы терең мереке. Шетелдік кейбір саясаткерсымақтар әлдебір жымысқы оймен айтып жүргендей, біздің мемлекеттігіміз өз бастауын Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланған күннен емес, осыдан бес жарым ғасыр бұрын хандық құрылған кезден алады. “Қазақстан мен Орта Азия елдерін кеңес заманындағы Орта Азия әскери округінің үлгісімен Ресей Федерациясының бір субъектісіне айналдыру керек”, – деп сандырақтауға дейін барып жүрген, пиғылы жат, аты шулы тұлғалар тіпті кешегі Кеңестік Социалистік Республикалары Одағы кезінде біздің еліміз автономиялық емес, 15 одақтық мемлекеттің бірі болғанын елеп-ескермеуге тырысып, адам сенбейтіндей “ұмытшақтық” танытатындығын қайтерсіз. Сол Кеңес Одағының Конституциясы бойынша Қазақ КСР-інің одақтас республика ретінде кеңес империясы тараған уақытқа дейін-ақ өзін-өзі билеуге заңды құқығы бар болатын. Әрине, кеңес өкіметі өзінің Негізгі Заңында жазылған осынау қағиданың іс жүзінде орындалуына жол бермеуге тырысып-баққанымен, 1991 жылы Беларусьтің Беловежье нуындағы келісімге сәйкес күні өткен одақ бейбіт те заңды жолмен таратылып тынғаны мәлім. Соған орай бұрынғы одақтас республика болған еліміз өзге он төрт елмен, соның ішінде Ресеймен қатар өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, “Егемен болмай, ел болмас” дегендей, өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыруға кіріскенді. Ал Татарстан мен Башқұртстан сияқты түбі бір, түркітілдес елдер одақтас мемлекеттер емес, автономиялы республикалар болғандықтан, Ресей Федерациясының құрамында қала берді. Сондықтан да біз еліміздің бейбіт жолмен ие болған Тәуелсіздігі үшін де көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, кең-байтақ аумақта ұлттық мемлекетімізді құрып, кейінгі ұрпақтарына өздерінің қаны мен тері сіңген, қасиетті жерді мұраға қалдырып кеткен қаһарман да қайраткер ата-бабаларымыздың рухы алдында мәңгі-бақи тағзым етуге тиіспіз. Осы, қасиетті жеріміздің бір уыс топырағына еш нәрсе жетпейді бұл өмірде! Атамекенімізде дүниеге келіп, ғұмыр кешіп, ұлы хандарымыз бен аңызға айналған батыр бабаларымыздың ақтық демімен айтып кеткен асыл аманаттары мен аңсап өткен армандарын іске асырып, Қазақ елінің көк байрағын көкке көтеріп, даңқын асырып жүрген бүгінгі ұрпақ – нағыз бақытты ұрпақ!

“Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар “КСРО тарихы” атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне, Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ…  

Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді”, – деді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткізілген салтанатты жиында сөйлеген сөзінде. Сол сәтте менің көз алдымнан Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының аясында Петропавл қаласында орнатылған, ат үстіндегі Абылай хан ескерткіші және оның жанындағы еңселі Ақ үйі елес беріп өтті. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңірімізге айбын болып, кемеңгерлік пен қаһармандыққа үндеп тұрған ұлы бабамыз әлі де бізбен бірге сияқты…

“Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан VI ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке-дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.

VIII ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: “Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айрылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды”, – деп жазылған. Қай заманда болсын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым.

Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. “Түрік” сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов “берік”, яғни “бірігу”, “бірлік” сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен”, – деді Елбасымыз ерекше тебірене. Осындай ұлағатты сөздер айтылған ұлы тойда Мемлекетіміздің басшысының жанында Әзірбайжан мен Қырғызстан Президенттері жарасып отырғандығын, Түркия мен Түрікменстанның жоғары лауазым иелері де төрден орын алғандығын жақсылыққа жорыдық. Азуын Айға білеген өңірлік держава – бауырлас Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның өзіне телефон соғып, құттықтап, еліндегі жағдайға байланысты келе алмайтындығын, бірақ, өз орнына Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының төрағасын жіберетінін айтқанын жеткізді Елбасы. Әлемдегі қазіргі күрделі саяси ахуалдан хабарымыз болғандықтан, кезінде Қазақстанның Тәуелсіздігін бірінші болып таныған, туысқан елдің танымал басшысының мұнысы да білгендігі деп бағаладық.

“Абылай хан: “Үш арманым бар еді. Біріншісі – елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі – халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі – елдің басын біріктіре алмадым”, – деген екен. Абылайдың асыл армандары Тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды.

Қазақтың ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: “Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос”, – деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын! Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да, бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын”, – деді қазіргі алмағайып заманда ұлтымызды алға бастаған Көшбасшымыз нық сеніммен. Елбасының жігерлі сөзі біздің көңілімізді де көкке өрлетіп, ел болашағына деген сенімімізді нығайта түсті.

“Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі!” – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Расында да, өткен ғасырлардағы көптеген шетелдік зерттеушілер өздерінің ғылыми еңбектерінде Қазақ елін Ұлы Дала деп атағаны белгілі. Бұл, шын мәнінде, ұлан-ғайыр жерімізге иелік етіп қана қоймай, оны сыртқы жаулардан ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған баһадүр бабаларымыздың ұлы ерлігіне берілген әділ баға еді. Сондықтан да Елбасымыздың туып-өскен Отанымызды Ұлы Дала елі деп атауды ұсынуы, тарихи тұрғыдан алғанда, нық негізді екендігі сөзсіз, әрі мұны сол, ұшқан құстың қанаты талатын кең даланы бізге мирас етіп қалдырған ұлы бабаларымыздың ерлігіне көрсетілген құрмет белгісі деп те ұғынғанымыз абзал.

Атақты ақынымыз Олжас Сүлейменовтің: “Тауларды аласартпай, даламызды асқақтатайық!” – деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздер Тұңғыш Президентіміз – Елбасының ұсынған идеясымен үндес. Біз, бүгінгі ұрпақ үшін Ұлы Дала елінің иелері екенімізді мақтан тұтып қана қоймай, оны ұшар басына қарасаң, басың айналатындай заңғар таулар жеткен биікке – “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айқындалған, дүниежүзінің ең мықты отыз мемлекетінің деңгейіне дейін асқақтату – басты парыз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp