Облыс орталығындағы “Блок” ЖШС-і – электр оқшаулағыш материалдарын және инновациялық технологиямен ғимараттардың төбесін жабатын құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орны. Ширек ғасыр тарихы бар кәсіпорын қазақстандық нарықты қамтумен қатар, экспорттың да жолын қалыптастырып алған. Аталмыш өндіріс орнының бүгінгі ахуалы мен елдегі жаңа экономикалық саясатты игеру жоспарлары туралы серіктестік директоры Анатолий Сысоевты әңгімеге тартқан едік.
– Анатолий Васильевич, сіздерге елдегі экономикалық даму үдерісінің өзгеріп тұратындығы таңсық емес. Тағы, міне, тамыз айында Үкімет теңге бағамын еркіндікке жіберіп, жаңа экономикалық саясатқа көшу бағдарын ұсынды. Бұл жаңашылдықты сіздер қандай дайындықпен, қандай көзқараспен қолдамақсыздар?
– Ел экономикасында осындай өзгерістер болатынын бизнестің басы-қасында жүргендер сезді. Тіпті, күтіп жүрді. Бұл жаңашылдық қазақстандық кәсіпкерлердің еңсесін көтеруге бағытталып отыр. Ал біздің кәсіпорын былтыр да, биылғы жартыжылдықта да қиындықты жеңе білді. Қалай дейсіз бе? Біріншіден, кәсіпорын мемлекеттің көмегімен бизнестің қауіп-қатерге толы қайығында өзін еркін сезінді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жолымыздағы шамшырақ болып отыр. Міне, биыл үшінші жыл қатарынан осы бағдарлама бойынша 60 миллион теңге несиені жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызбен алып отырмыз. Мұндай мемлекеттік көмек көрші елдердің бірінде жоқ. Бұл елдегі саясаттың дұрыс екендігінің бір ғана көрінісі. Екіншіден, біздің жұмысымызда жоспарлы жүйе, жаңаша дамуға деген талпыныс бар. Бизнесте стратегиялық талғам болмаса, ұтымды іс жүргізу мүмкін емес. Үшіншіден, біз – сапалы жұмысымызбен өзіміздің тұтынушылар ортасын қалыптастырып алған кәсіпорынбыз.
– Тұтынушылар ортасы қалыптасқанмен, Ресейдің тауарлары арзандап жатқанда да қиындық болған жоқ па?
– Серіктестіктің тауар сатылымының географиялық ауқымы кең. Еліміздегі “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС, “Арселор Миттал Теміртау” АҚ сияқты ірі кәсіпорындарды жабдықтаймыз. Ұсақтардың өзі 100-ден асады. Ресей нарығын жаулап алудың тиімді жолын тапқан компания осыдан екі жыл бұрын Омбы қаласында шағын зауыт ашып, жұмысын жандандыра түскен болатын. Бүгінде Оңтүстік Сахалиннен Уралға дейін, Владивостоктан Санкт-Петербургке дейін біздің өнімдерге сұраныс бар. Сондай-ақ, Түркия, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірлігі, Чехия, Беларусь, Украина сияқты елдермен сауда-саттық келісімін қалыптастырдық. Мұндай тауар айналымы тұғыры орнықты кәсіпорында болады. Биылғы жылдың соңына дейін жететін тапсырыс бар. Келер жылдың бірінші тоқсанына тапсырыс қабылдап жатырмыз. Мемлекеттің берген несие қаржысына келер жылдың басына дейін жетерлік шикізат сатып алған болатынбыз. Жалпы Ресей валютасы бағамының төмендеуінен қазақстандық кәсіпкерлер қиындық көрді. Бізде де аз да болса тауарлардың сатылымы төмендегенін байқадық. Сондықтан теңге бағамын еркіндікке жіберу Үкіметтің тағы бір дұрыс шешімі деп білемін.
– “Шикізатпен қамтамасыз етілдік” деген сөздің астарында бағаға қатысты қандай ой жатыр?
– “Блок” ЖШС-і шығаратын тауарларға биыл баға өсірмейді деген тұжырымды ести аласыз. Кәсіпорын өзіне қажетті шикізатты толықтай шетелден, дәлірек айтқанда, Үндістаннан жеткізеді. Әлбетте ол жақтан тауарлар АҚШ долларына сатып алынады. Әдетте, шикізаттың қымбаттауы тауардың өзіндік құнын өсіреді. Дегенмен, келер жылдың үш-төрт айына дейін шикізат қорын жинап алғандықтан, тауар бағасы тұрақты күйінде қалмақ. Біз биыл “Ризолин” деп аталатын жапқыш құрылыс материалының бағасын 17 пайызға төмендеттік. Кірісіміз азайды, бірақ оған өкініш жоқ. Өйткені, бұл құрылыс материалы толықтай қазақстандық тұтынушыларға сатылады. Есесіне оның сатылымын 75 пайызға арттырдық. Бүгінде тұрғын үйлер, зауыттар, элеваторлар, үлкен ғимараттардың барлығы шатырларды жабуға осы “Ризолинді” пайдалануға көшті. ТКШ-ны жаңғырту жұмыстарында да бұл қолайлы материал. Кәсіпорын қыс айларында электр оқшаулағыш материалдарын шығарумен шектеледі, ал “Ризолин” өндірісі үш-төрт айға тоқтатылады. Электр оқшаулағыш материалдардың ерекшеліктеріне қарай 90 пайызы Ресей нарығына шығарылады. Ол елде бізбен бәсекелестікке түсетін кәсіпорын жоқтың қасы. Керісінше, өз өңірімізде біздің өнімдеріміздей тауарлар шығаратындар бар. Бірақ олар бізге қарағанда биылғы жартыжылдықты қиындау өткізді. Бүгінде олар еңсесін көтеру үшін жұмыс істеп жатыр. Бәсекелестік, нарық талабы ойландыратын үлкен мәселе.
– Шетелдерден әкелінген шикізаттың тауар құнына ықпалы зор. Сонда сіздерге қажетті шикізат бізде өндірілмей ме?
– Иә, бізге қажетті шикізат тек Үндістанда ғана шығарылады. Қазақстанда да, Ресей аумағында да ондай өндіріс орны жоқ. Бұл шикізат көмір сияқты тастан жасалады. Мүмкін, алдағы уақытта геологтар зерттеп, қойнауы бай елімізден ондай қазба байлығын табар? Әзірге осылайша жұмыс істеуге мәжбүрміз. Кәсіпорында тағы бір инновациялық бастаманы қолға алуға ниеттіміз. Бірақ елдегі битум тапшылығы қолбайлау жасап отыр. Біздің жергілікті билік Ресейден битум сатып алу үшін келіссөз жүргізуде. Оның бір ыңғайға келмей тұрған тұстары бар көрінеді. Екі жақ бұл мәселені шешіп алса, біздің кәсіпорын тағы бір өндіріс орнын ашпақ.
– Еңбеккерлердің де көңілін тауып отырған боларсыздар?
– Өндіріс барысында өзіміз қалыптастырған жақсы мамандарымыздың құрамын сақтау – басты мақсаттарымыздың бірі. Бізде еңбеккерлерді қысқарту, негізсіз жұмыстан босату деген жоқ. Қызметкерлердің көбі – сонау құрылған жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар. Еңбекақы кешіктірілмейді. Біздегі жұмысшылар саны – 77 адам. Осы жылдың көктемінде еңбеккерлерді ынталандыру үшін сыйақы төлемі түрінде жалақыны көбейттік. Тапсырыс бойынша өндірістегі жоспар орындалса, жұмысшының да табысы молаяды. Әр жұмысшы 20 пайызға дейін қосымша ақы ала алады. Осының өзі жартыжылда еңбекақының 12 пайызға өскендігін аңғартты. Қазіргі таңда кәсіпорындағы орташа еңбекақы – 93 мың теңге.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
