Техникалық реттеу және метрология комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті – тұтынушылар құқығын қорғайтын мекемелердің бірі. Бұл – тауар өндіретін, қызмет көрсететін немесе сауда-саттық жасайтын орталықтар мен кәсіпорындарда халықаралық нормалардың, нарықтық экономикаға лайықты өлшем бірліктерінің сақталуын қадағалайтын және заңсыздық әрекеттердің жолын кесу үшін құрылған өкілетті орган. Мекеме адам өміріне қатысы бар барлық салаларды нысанаға алады. Кез келген сауда-саттық, коммуналдық қызмет көрсету жүйесі, көлік пен байланыс, медицина, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты сақтау, космос пен әлемдегі мұхиттарды игеру сияқты барлық тіршілік түйткілдері метрологияға негізделген. Ондағы белгіленген заңдылықтар бұзылған жағдайда, тұтынушы өз құқығын қорғай алуы тиіс. Сондайда тұтынушыларға әділдіктің түбіне жетуге көмектесетін мекеме – аталмыш департамент.
Егер сіз тұтынушы ретінде жайсыз жағдайға ұрынсаңыз, осы мекемеге шағымданып, сондағы білікті қызметкерлердің көмегімен құқығыңызды қорғай аласыз. Мәселен, сауда-саттық кезінде мұздатылып сатылатын өнімдерде (балық, құс етіндегі) мұз мөлшерін арттыру арқылы таразыдан жеу әрекетін байқасаңыз немесе жарамсыз таразымен өлшеу, таразы тастарының жалғандығын көрсеңіз немесе сатып алынған тауардың ішіндегі мөлшер сыртқы қаптамада дұрыс көрсетілмесе немесе жанармай құю бекетінде бензинді кем құйса, сапасы бойынша алдаса, олардан түсінік алып, өз құқығыңызды қорғау үшін “Солтүстік Қазақстан” газетінің редакциясына немесе департаментке хабарласуға болады.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті орналасқан мекенжай: Петропавл қаласы, 2-ші Первомай көшесі, 9-үй. Телефоны: 8 (7152) 52-14-51.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.