«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНҒА БИІК ҚОЛ СОЗДЫМ

Алматы қаласындағы қазақ халықаралық және әлем тілдері университетін “Ағылшын және қытай тілдері” мамандығы бойынша бітірісімен туған жерім – Петропавлға келіп жұмыс істеп, өңіріміздің әлеуметтік өміріне етене аралассам деп ойладым.

Осылайша Қызылжарға ат басын тіредім. Мен екі қолға бір күрек табуға кірісіп, әртүрлі мекемелерге түйіндемелерімді таратып жүрген уақыт облыстық жастар бастамалары орталығы қызметкерлерінің “Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі” шарасына дөп түсті. Қалалық Мәдениет үйінде өткізілген шараға қатысып, ұсынылған жұмыс орындарымен таныстым. Өндіріс орындарына, түрлі қоғамдық орындарға жұмысшы мамандарды іздеген жәрмеңкеде мамандығыма сәйкес қызметті таба алмадым. Мен бақылаған аталмыш жәрмеңкенің жұмыс табуға ниетті жастар үшін таңдау аясы кең болды. Барлық сала бойынша ұсынылған бос орындар 80-нен асып жығылды. Қолдарына дипломдарын иеленген түлектердің әрқайсысы кәсібіне сай нәсіп етуге дәмелі. Тек олардың арасында жұмысқа орналаса алмай, әлекке салынғандар да аз болмады. Солардың бірі мен едім. Уәж ретінде тәжірибенің жоқтығы, жалақының төмендігі, мамандыққа сай жұмыстың табылмауы желеу етілді. Ал жұмыс берушілер, негізінен, білім деңгейіне көңілдері толмайтынын алға тартты. Міне, осындай жайттарға куә болған мен шараның өтуіне ұйытқы болған жастар бастамалары орталығының директоры Нұрсаят Сәркенмен әңгімелестім. Көмекке зәру өренді бауырына баса білетін ол мені ешқандай сынақ мерзімінсіз өзі басқарып отырған мекемеге жұмысқа қабылдады.  

Бүгінде өз жұмысымның қыр-сырына қанығып, әріптестерімнен тәжірибе жинақтаудамын. Күн сайын біршама жас біздің көмегімізге жүгініп, жәрдем сұрап келеді. Өңір жастарының белсенділігі, облыстың әлеуметтік-экономикалық өміріне бір кісідей араласуы көңіл қуантады. “Қанша тіл білсең, сонша мәрте адамсың” дегендей, ағылшын, қытай және орыс тілдерін меңгергендігім арқылы орталықтың жұмысын одан әрі жандандыруды көздеймін.

Айдар АЙДРАЛИЕВ,

облыстық жастар бастамалары

орталығының кеңесші-талдаушысы.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp