“Білімдінің күні – жарық” деген халқымыздың қанатты ұғымға айналған сөзі бүгінде өмірдің сан саласында өзінің өміршеңдігін дәлелдеп жүр. Адамзат баласы ақыл-оймен, біліммен, оқумен, жаңалыққа ұмтылумен ерекшеленеді және өзгелерден көшін ілгерілетеді. Әлемнің алпауыттарына айналған мемлекеттердің дені өз жастарының білім алуына мол мүмкіндік жасаған. Өркениетті елдердің салған сүрлеуімен алға жылжып келе жатқан біздің еліміз, әсіресе, Тәуелсіздік алған уақыттан бастап білім беруге, өрендерді шетелдердің озық оқу орындарында оқытуға ерекше ден қоя бастады. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Болашақ” бағдарламасы жүзеге асырылып, жыл сайын мыңдаған түлек білім шыңына қанат сермеуде. “Болашақтықтардың” алғы легі елімізге оралып, алған тәжірибелері мен білімдерін мемлекетіміздің дамуына жұмсай бастады. Өз тілінің нарқын ұмытпай, өзге тілдерде ойын анық, айқын жеткізетін қазақтың ұл-қыздары біздің өңірімізде де кенде емес. Өркениетке, жаңалық ашуға ұмтылғандардың қатарында жерлесіміз Медет Жұқұшты да мақтанышпен айтуға болады. Ол бүгінде Францияның астанасы – Париж қаласындағы Париж-сюд университетінің магистранты. Білегінің емес, білімінің күшіне сенген талапты жігітпен әлеуметтік желі арқылы әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Медет Маратұлы, әңгімеміздің басын өзіңіздің туған жеріңізден, балалық шағыңыздан, өскен ортаңыздан бастасақ.
– Әкем Марат – Есіл ауданына қарасты Жарғайың ауылында туып, қызмет істеген қарапайым еңбек адамы. Балалық шақтың бал-дәуренін өткере берген кезімде, яғни он жасымда тағдырдың жазуымен әкемнен айрылдым. Оның мәңгілік сапарға аттанған күні менің бүкіл болмысымды, ой-өрісімді, сана-сезімімді есейтіп жіберді. Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, шындық пен жалғанның аражігін ажырата алмайтын он жасымда үйдегі жалғыздықтың шәлісін жамылған анам мен бауырыма бас-көз болатын, ересек, қамқоршы жандай сезіндім өзімді. Әкем өмірден озған соң маңдай тері мен адал еңбегі сіңген аталмыш өндіріс орнына әкемнің орнына анам жұмысқа орналасты. Осылайша бала күнімнен уақыттың салқын сызы жүрегіме жара салды және сол сызат әлі күнге дейін көңілімнен өшпестей орын алды.
Кішкентайымнан білімге құштар болдым. Бұрын еш жерден естімеген таңсық жаңалықты оқи қалсам, оның астарына үңілмейінше, себебін, сырын ашпайынша, жаным дамыл таппайтын. Бірінші сыныпқа барғанға дейін мен ана тілімде дұрыс сөйлеуді білмедім. Қарапайым ауызекі сөздерді түсінуді де меңгермедім. Сондықтан алты жасқа толғанда Қызылжар ауданындағы апам мен атамның үйінде тұрып, олардың көмегімен алғаш рет қазақ әліппесін оқып, әріп таныдым. Олардың жасаған үлкен тәрбиелік жұмысының арқасында менің бойымда оқуға деген ұмтылыс пен жігер пайда болды. Петропавлдағы әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің 3-сыныбында оқып жүрген кезімде марқұм әкем мені “Каратэ-до” спорт үйірмесіне берді. Жаттықтырушым Азамат Құсайынов, менің бойыма кездескен қиындықтарға қарамастан, көздеген мақсатқа жетуге ұмтылу, төзімді болу және ол үшін ерен еңбек ету сияқты бірқатар маңызды қасиеттерді сіңіре білді. Сөйтіп, мен каратэ үйірмесінде тер төгіп, еңбек етудің арқасында төрт жылдың ішінде қалалық, облыстық деңгейдегі бірқатар додаларда жеңімпаз атанып, республикалық жарыстарда да бағымды сынап көрдім.
Алғашқы мүшел жасыма толған кезде менің Алматыдағы Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатында білім алуға мүмкіндігім болды. Сол кезде төрт жыл қатарынан Қазақстандағы бірінші орынды иемденіп жүрген және түлектеріне келешектің көптеген мүмкіндіктеріне есік ашатын мектеп екенін біліп, ойланбастан Алматыға оқуымды ауыстырдым. Физика-математика бағытындағы мектептің оқыту әдістемелері ерекше нәтижелі болатындықтан, аталмыш білім ошағының оқушылары жыл сайын республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында ең жоғары нәтижелерді көрсететін еді.
Мектепте химия мен математика пәндерін сүйіп оқыдым. Сондықтан химия пәнінен олимпиадаға дайындық курсына қатысуды таңдадым. Сол кезден бастап менің оқуым қиындап, бос уақытымды есеп шығарумен және химиялық тәжірибелер жасаумен өткізуге ден қойдым. Оқушыларды олимпиадаға еліміздің беделді жоғары университеттерінен арнайы шақырылған профессорлар дайындайтын еді. Нәтижесінде 2009 жылы химиядан республикалық олимпиадада екінші орынға ие болдым. Мені білім нәрімен сусындатқан мектеп ұстаздары өз оқушыларының бойында бүкіл өмірге қажет болатын мінездерді қалыптастырып, берік негіз сала білді. Оның жүз түлегінің тоқсан тоғызы Қазақстанның және шетелдің дәрежелі жоғары оқу орындарында білім грантына ие болады десем, артық айтқандық емес.
– Ал сізге еліміздің қандай жоғары оқу орнының гранты бұйырды?
– Республикалық олимпиадада жеңімпаз болғаным және Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары 118 ұпай жинағаным сол кездері елімізде бірінші орынға шыққан Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім грантын иемденіп, оқуыма мүмкіндік берді. Менің осы университеттің химия кафедрасына түскенімді естіген таныстарымның көбі: “Таңдауың неге химия болды?” – деп сұрайтын еді. Оларға, біріншіден, химия нақты ғылымдардың бірі екендігін, мені қызықтыратын табиғаттағы және өміріміздегі көптеген сұрақтарға жауап бере алатындығын дәлелдеп айтушы едім. Химияны өте терең меңгерген ғалым атанып, болашақта отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосу менің жан дүниеме маза бермейтін арман болатын. Сондықтан басыма қонған бақытымды бағалап, бос уақытымды текке өткізбей, өзімнің білімімді, қабілетімді жетілдіруге кірістім. 3-ші курста үздік оқығаным үшін Елбасы тағайындаған арнайы шәкіртақыға ие болдым. Сол жылдары оқытушым, химия ғылымдарының докторы Ирина Иргибаеваның жетекшілігімен ғылыми жұмыспен айналысуға кірістім. Сол кісінің жәрдемінің арқасында республикалық дәрежесі бар ғылыми журналдарға ғылыми-зерттеу мақалаларым жарыққа шыға бастады. Химия зертханасында ғылыми-зерттеу жұмысын орындай жүріп, нағыз органикалық қосылыстарды түзіп алу кезінде менің химияға деген құштарлығым өсе түсті.
Университетті қызыл дипломмен тамамдаған соң магистратурада оқуымды жалғастыратыныма сенімді болмадым. Өйткені, анама, ізімнен ерген ініме көмектесемін деген оймен тез арада қызметке орналасып, ақша табудың қамымен жүрдім. Сөйтіп, Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналастым.
– Сонда сіз университет бітірген соң жұмыс істеп, еңбекпен тапқан нанның тәттілігін сезіндіңіз ғой.
– Иә, сезіндім және туыстарыма да сездірттім. Мектепте сабақты шетелдің тәжірибелі мұғалімдерімен қатар бергендіктен, олардан көп нәрсені үйрендім. Мұғалімдік қызметпен жарты жыл айналысып, елордадағы Назарбаев Университетіне ғылыми қызметке ауыстым. Себебі, ғылыми-зерттеу жұмысы мені әлдеқайда көбірек қызықтырған еді. Ол кезде де маған білімі жоғары шетелдің профессорларымен бірге жұмыс істеуге тура келді. Екі қызметте, мұғалімдікте де, ғылыми қызметте де мен басқа адамдармен бәсекеге қабілетті болу үшін білімімді одан әрі жоғарылату қажет екенін түсіндім. Содан кейін оқуымды жалғастыруды шештім.
– Бүгінде Францияның астанасы – Париждегі Париж-сюд университетінің магистрантысыз. Таңдауыңыз не себептен аталмыш оқу орнына түсті?
– Магистратураны алдымен шетелден іздеп, бағымды сынап көрейін дедім. Өзімнің де, анамның да оқу ақысын төлей алмайтындығымыз айдан анық еді. Алдымда екі таңдау тұрды: Президентіміздің “Болашақ” бағдарламасының, не шетелдік демеушілердің сынағына қатысып, грант иемдену болды. “Болашақ” бағдарламасына қатысу үшін біздің атымызда пәтер болған жоқ және туысқандарымның мүлкін кепілге қоюды өтінуді қаламадым. Сондықтан ғаламтордан тапқан барлық шетелдік бағдарламаларға құжаттарымды тапсыра бердім. Жарты жылдан соң маған грант ұтқаным жөнінде қуанышты хабар келді. Сол кездегі қуанышымды тілмен жеткізе алмаймын. Визаға тапсырыс беріп, бірден Францияға кетуге жинала бастадым.
Алғашқы семестрді Париждегі Париж-сюд университетінде оқыдым. Сабағым ағылшын тілінде өткенмен, көшедегі, қоғамдық орындардағы жұртшылықпен тек французша сөйлесуге тура келді. Екінші жағынан, жаңа ортаға, жаңа ережелерге және басқа оқу әдістеріне дағдылану керек болды. Үшіншіден, тобымда барлық студенттер әлемнің түкпір-түкпірінен жиналғандықтан, маған қарап олардың Қазақстан туралы пікірлері қалыптасатынын білдім. Сондықтан басқа студенттерден қалыспай, сабақты жақсы оқуға тырыстым. Ай сайын алатын 1 мың еуро шәкіртақым бар қажеттілігімді өтейді.
Бірде денсаулығым болмай, Париждегі дәріханалардың біріне бас сұққаным есімде. Сатушыдан ісікті қайтаруға көмектесетін мұз сұрамақ болып, алайда әлгі сөздің француз тілінде қалай айтылатынын білмей, дал болдым. Менің өзге мемлекеттен келгенімді сезген әлгі кісі сәл жымиды да, ұлтымның кім екенін сұрады. “Қазақпын, Қазақстаннан оқуға келдім”, – деп бастағаным сол еді, “Қолыңызды алып қояйыншы. Сіздердің Президенттеріңіз – мықты саясаткер, ұлтжанды”, – демесі бар ма? Не дерімді білмей, көкірегімді қуаныш кернеп, дәл сол уақытта мен өз елімнің, байтақ Қазақстанымның қыраны, Қызылжардың бір ұлы екенімді мақтанышпен айқайлап жеткізгім келді.
Магистратураның екінші семестрін Португалияның Порту қаласында жалғастырдым. Туған жерден алыс, бөтен елде жүргенде сенің тіліңде сөйлейтін адамды кездестіріп қалсаң, бауырыңды көргендей боласың және іштей болса да қуанасың. Туған жерімізді сағынатын сәттерімде елді көп ойлай бермеу үшін мен сабаққа көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Осындай бағыт пен ұстаным арқасында емтихандардың барлығын ойдағыдай тапсырдым.
– Бүгінгі жастардың қандай мәселелеріне алаңдайсыз? Сізді қазақ жастарына қатысты қандай мәселе толғандырады?
– Біздің еліміздің өрендерінің бәрі бірдей нағыз бақыттың білімде, талапта жатқанын сезіне бермейді. Сөйтеді де, көбі өмірдегі орындарын таппайды.
Екіншіден, қазақ жастарының арасында тәуекел ету, Қазақстанның мүддесіне қызмет ету сынды қасиеттер жетіспейтін тәрізді. Тіпті, бар болған күннің өзінде туған жерге, елге деген шынайы сезімнің ұшқыны байқала бермейді. Міне, осындай адамды алысқа апармайтын қасиеттерден аулақ болу керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.
