«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЗДЕН ОЗҒАН ЖҮЙРІКТЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдан бастап қолға алынған “Жастар кадрлық резерві” жобасы бүгінде еліміздің барлық облысында сәтті жүзеге асырылып келеді.

Жас мамандардың арасынан басқарушы кадрларды анықтауды, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттерге ие, белсенді өрендерге қолдау көрсетуді көздеген жобаның облыстық кезеңі Петропавлдағы “Нұр Отан” партиясының ғимаратында өтті.

Шараны ұйымдастырушы “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Шаймерденовтің айтуынша, жобаға қатысуға тоқсаннан астам үміткер тілек білдірген. Талапкерлер ең алдымен жобаның ресми сайтының тиісті бөліміндегі сауалнаманы толтырып, келесі кезеңге іріктелді. Екінші бөлімнің талабына сәйкес іріктелген қатысушылар мемлекеттік тілді білу деңгейін, біліктілігін және өздерінің психологиялық портретін анықтайтын тестілеуден өтті.

Қорытындысында сыннан сүрінбеген қос үміткер жеңімпаз деп ақтық мәреге жолдама алды. Мыңнан – тұлпар, жүзден жүйрік шыққан олар Астана қаласындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға жіберілді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp