«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛУ-ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚУАТЫ АРТТЫ

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов №2 Петропавл жылу-электр орталығында болып, жаңа “К-63-90” құбыр агрегатын желіге қосты.

Қызылжар өңірін электр қуатымен, облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін аса маңызды стратегиялық нысандардың иесі “СевКазЭнерго” АҚ тозығы жеткен құрал-жабдықтарды, желілерді жаңартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бір айғағы – №1 жаңа құбыр агрегаты. Өңір басшысы орталықтың жаңа нысанын желіге қосып, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Жаңа құбыр агрегатын өндіріске енгізу станцияның сенімділігі мен жұмыстың тиімділігін арттырады, құрал-жабдықтардың тозуын 14 пайызға азайтады. 1961 жылдан бері жұмыс істеп тұрған агрегатты ауыстырған жаңа нысан электр қуатын 63 МВт-ға көбейтіп, жалпы қуаттылықты 455 МВт-ға жеткізеді және бір жылда 37 мың тонна көмір үнемдеуге мүмкіндік береді. Облысымызда жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, индустриялық-инновациялық жобалар пайдалануға берілуде. Оларды қосымша электр және жылу қуатымен қамтамасыз ету үшін станцияда резерв жасалып отыр. Бұл құптарлық іс. Алдағы қыс маусымына дайындық мәселесіне келетін болсақ, облысымыздағы бу қазандықтарының 99 пайызы жұмыс істеуге әзір. Бюджеттік ұйымдарға 182 мың тонна көмір сатып алынды, Петропавлдағы 1148 көпқабатты тұрғын үйдің 92 пайызының жылу жүйелері шайылып, тазартылды. Жылдағыдай осынау сындарлы науқанды ұйымшылдықпен өткіземіз деген ойдамын. Ол үшін барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Ерік Хамзаұлы.

№2 Петропавл жылу-электр орталығының директоры Виктор Барминнің айтуына қарағанда, компанияда 2012 жылдан 2020 жылға дейін 7 құбыр агрегаты мен 6 қазандық агрегатын ауыстыру және қайта жабдықтау жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Осы жылдары құбыр цехындағы құрал-жабдықтардың 71,4 пайызы, қазандық цехының 50 пайызы жаңартылады. Оларға заманауи автоматтандырылған технологиялық процесті басқару жүйелері енгізіледі.

Мемлекеттік шекті тарифтер бағдарламасының қорытындысы бойынша №2 Петропавл жылу-электр орталығында жаңа активтерді құруға, сол сияқты, техникалық қайта жарақтануға, өндіріс орнын кеңейтуге бөлінген инвестиция көлемі 34,5 млрд. теңгеден астам қаражатты құрайды, биылғы 1 қаңтарға дейін соның 76,7 пайызы игерілді. Бағдарлама қаражатынан басқа бұл мақсатқа компанияның өз капиталы да жұмсалуда.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp