Өңіріміздің тәртіп сақшылары үшін кезекті аттестаттау өткізілуде. Екі күннің ішінде бұл сыннан 58 полицей өтті. Аттестаттау комиссиясының жұмысына алғаш рет ведомствоның қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Жасұлан Ахметов қатысуда.
“Құқық қорғау қызметі туралы” заңға комиссия үміткермен әңгімелесудің қорытындысы бойынша атқарып отырған лауазымына толық сай немесе сай келмейтінін анықтап, қызметінде жоғарылату не болмаса төмендету, қайта аттестаттауға жіберу туралы шешім қабылдай алады. Әңгімелесуге дейін полицейлер нормативтік-құқықтық құжаттарды білу бойынша тестілеуден, дене шынықтыру және атыс дайындығынан, полиграфтық зерттеуден өтеді. Сынақта қызметкерлердің кәсіби деңгейі, ынта-жігері ескерілуде.
Сынақтан сүрінбей өткендердің бірі – полиция подполковнигі Бибігүл Әбділманова. Ол ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері қызмет атқарады. Көші-қон полициясы басқармасында бөлім басшысы қызметін атқаратын нәзік жанды барлық тестілеуден ойдағыдай өтіп, кезекті рет өзінің кәсіби даярлығының жоғары екенін көрсетті. Әңгімелесу қорытындысынан кейін комиссия оны жоғары лауазымға ұсынды. Осындай нәтижемен аттестаттаудан тағы 10 адам өтті.
Сондай-ақ, сынақтан сүрінгендер де болды. Аттестаттау нәтижесі бойынша екі лауазымды тұлғаның қызметтік дәрежесі төмендетілсе, 4 полицей қайта аттестаттауға жіберілді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.