«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰҚАЛАП АЙТҚАНДА, “сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай туғызған” үш қызметкер өз лауазымдарымен қоштасатын болады

Дүйсенбі күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге ұрынған үш қызметкерді жұмыстарынан босату туралы ұсыныстар қабылданды.

Мағжан Жұмабаев ауданы тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы мен бас маманы “Сарсенбаев В. Г.” жеке кәсіпкерлігінің Булаево қаласындағы “Мерлот”, “Шанхай” және “Стрелец” дүкендері жанындағы барлар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтініне қарамастан, оларға оң тұжырым жасап берген болып шықты. Соның арқасында аталмыш барлар түнгі уақытта да арақ-шарап сату мүмкіндігіне ие болған. Бұған қоса, аудандағы “Березка” балалар сауықтыру лагерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай еместігіне қарамастан, оған да балаларды қабылдауға заңсыз рұқсат берілгендігі әшкереленген. Осындай, жұқалап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілерді жұмыстарынан босату туралы аудандық прокуратураның ұсынымына Тәртіптік кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет “Халыққа қызмет көрсету орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорны Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғағанымен, оның іс-әрекетінде қылмыстық құрам барлығын нақты дәлелдей алмай, істі қысқартуына тура келген екен. Алайда, бұл істе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай туғызу белгісі барын ескеріп, оны Тәртіптік кеңестің қарауына ұсыныпты. Мәселенің мәнісі мынада: аталмыш филиал басшылығы “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заң талабын бұрмалауға жол берген және автокөлік құралдарын жалға алу конкурсының жеңімпазы атанған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке көмектесіп, өз қызметкерлерін жүргізушілер ретінде қосымша жұмысқа орналастырып, кейбір күмән туғызатын іс-әрекеттерге барған. Соны ескерген Тәртіптік кеңес мүшелері филиал басшысын атқарып отырған қызметінен босату қажет деген ұсынысты қолдады.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласы әкімінің орынбасары Медвежка ауылындағы балалардың ойын алаңын көркейту жұмыстары жобалау құжатнамасына толық сәйкес келмейтіндігін тексерместен, қабылдап алу актісіне қол қойып, бюджет қаржысының 8369 теңгеге артық жұмсалуына жол бергендігі дәлелденген. Осыған орай оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалады деген кінә тағылып, атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау ұсынылды.

“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі” мемлекеттік мекемесінің басшысы өз әкесінің саяжайын салып беруге көмектесу кезінде қызмет бабын асыра пайдалануға жол берді деп танылып, оған мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексіне сәйкес өз лауазымына толық сай еместігі жөнінде ескерту беру ұйғарылды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp