«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ

Облыстық ішкі істер департаменті Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай қалалық Мәдениет үйінде галаконцерт ұйымдастырды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова және өңіріміздегі этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, полиция ардагерлері қатысты.

Жиналғандар алдымен ішкі істер департаментінің шығармашылық ұжымы дайындаған концертті тамашалады. Полицейлер сахна төрінде патриоттық, лирикалық әндерді орындады. Концертке тәртіп сақшыларының балалары да қатысып, көпшілік алдында өз өнерлерін көрсетті.  

Бұдан кейін сөз облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсеноваға беріліп, ол құттықтау лебізінде: “Тәуелсіз еліміздің басты құндылығы мен жетістігі – халықтар достығы, бүгінгі күні барлық этнос өкілдері ел игілігі жолында еңбек етуде. Ішкі істер департаментінде 16 этностың өкілі бар екен. Қоғам тыныштығын күзету тәртіп сақшыларының міндеті болса, олар еліміздегі татулықты нығайтуға да өзіндік үлестерін қосып отыр”, – деді.

Мерейлі мерекелерге орай өткен салт-дәстүр байқауында қазақ халқының және 13 этностың дастарқанын, ұлттық киімін, басқа да құндылықтарын қазылар алқасы бағалады. Аудандық ішкі істер бөлімдері мен қалалық басқармалардың арасынан үздік шыққан командаларға облыс әкімінің орынбасары Алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай татулықты сақтауға және оны нығайтуға қосқан үлестері үшін этномәдени бірлестіктердің жетекшілері де марапатталды.

Бұл күні бір топ полиция қызметкеріне Ішкі істер министрлігінің “Мінсіз қызметі үшін”, “Ішкі істер органдарының ардагері” медальдары табыс етілді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp