Аққайың ауданындағы Астраханка ауылында жаңа жылыту қазандығы іске қосылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.
“Сапронат” ЖШС-нің “Ұзақ жанатын пиролизді қазандықтар өндірісі” жобасы бойынша индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Астраханка орта мектебінде іске қосылған 400 киловаттық қазандықтың сыйымдылығы – 800 килограмм. Ал мектептің жалпы аумағы – 3 мың шаршы метр. Бұған дейін ғимаратты жылыту үшін 500 тоннаға дейін көмір қажет болған. Енді жаңадан орнатылған жылыту қазандығының арқасында көмір шығыны екі есе қысқарады. Берілетін жылу арнайы компьютер арқылы реттеледі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Технологияларды коммерцияландыру орталығы” ЖШС-нің қолдауымен қазір Аққайың ауданындағы мектептерде төрт модульді қазандықтың құрылысы жүргізілуде.
Төрт қазандықтың іске қосылуы аудан бюджетінде жылына 13 миллион теңгені үнемдеуге мүмкіндік бермек. Аталмыш жоба “жасыл экономикаға” көшу аясында табиғат ресурстарын тиімді пайдаланып, қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл бүгінгі таңда азая бастаған ресурстарды үнемдеуге зор септігін тигізеді.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.